Үкімет мәліметінше, бүгінде туризм ел экономикасының өсімі мен Қазақстанның халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыратын негізгі салалардың біріне айналып келеді.
Елімізге 15,7 млн шетел азаматы келген. Оның ішінде 11,1 млн адам Қазақстан аумағында бір тәуліктен астам уақыт болған. Ал ішкі туристер саны 10%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен.
– Қонақүйлер мен демалыс орындары көрсеткен қызмет көлемі 17%-ға артып, 350 млрд теңгені құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар 32,6%-ға өсіп, 1,256 трлн теңгеге жетті. 2020 жылдан бері 573 инвестициялық жоба іске асырылып, орналастыру орындарының саны 25%-ға артып, 4 482 нысанға жетті, – делінген Үкімет хабарламасында.
Туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 84 мемлекеттің азаматтарына визасыз режим енгізілген. Сонымен қатар 102 елдің азаматтары Қазақстанның электрондық визасын рәсімдей алады.
Қазақстан бүгінде 30 елмен халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырады. Аптасына 145 бағыт бойынша 812 халықаралық рейс орындалады. Сондай-ақ 17 әуежайда бесінші «әуе еркіндігі» дәрежесімен «ашық аспан» режимі қолданылады.
– Қазіргі уақытта Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағайда жаңа әуежайлар салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтірілуде. Сонымен қатар Алматы, Үржар, Шымкент және Павлодар әуежайларындағы терминалдар мен ұшу-қону жолақтары жаңғыртылып жатыр, – деп мәлімдеді Үкімет.
Бұдан бөлек, Щучье-Бурабай курорттық аймағын, «Маңғыстау» туристік аймағын және Алматы тау кластерін дамытуға арналған кешенді жоспарлар әзірленген.
Туризм саласын қолдау жөніндегі жаңа заңға сәйкес, гидтердің қызметін жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркеу талабы алынып тасталды. Сондай-ақ визит-орталықтардың қызметі реттеліп, туристік автобустардың мемлекеттік шекарадан жедел өтуі үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізілді.
Айта кетейік, туризм саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды.