Бұл қаражатты 108,2 мың адам алған. Тиісті мәлімет ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланған есепте келтірілген.
Аталған төлемдер республикалық бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақыларға бөлінген жалпы шығынның небәрі 0,3 пайызын құрады. Былтыр бұл мақсатқа 143,2 мың адам үшін 27 млрд теңге бөлінген болатын. Ол жалпы шығынның 0,5 пайызына тең еді.
Зейнетақы мен жәрдемақыларға жұмсалған 5,86 трлн теңгенің 72,1 пайызы немесе 4,23 трлн теңгесі ынтымақты және базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталған.
Көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақылардың үлесі 17,8 пайызды немесе 1,04 трлн теңгені құрады. Қалған 15 түрлі әлеуметтік төлемге 591,3 млрд теңге, яғни жалпы шығынның 10,1 пайызы жұмсалды. Оның ішінде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік төлемдерінің үлесі шамамен 0,3 пайыз болды. Бұл жерлеуге берілетін жәрдемақыларға жұмсалған 15,4 млрд теңгемен шамалас.
— Зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік төлемі бір рет төленеді. Ол салымшы зейнетке шыққан кезде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және/немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша жинақталған қаражаттың инфляцияны ескергендегі мөлшері нақты жинақ сомасынан аз болған жағдайда тағайындалады. Осы айырманы мемлекет өтейді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Соған сәйкес мемлекет БЖЗҚ-дағы міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейінде сақталуына кепілдік беруді тоқтатады. Осыған байланысты тиісті бюджеттік кіші бағдарлама оңтайландырылады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, міндетті зейнетақы жарналары қызметкердің ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерінде аударылады. Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін енгізілген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының көлемі айлық табыстың 5 пайызын құрайды.
Осыған дейін 2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесінде бірқатар өзгеріс енгізілетіні туралы жаздық.