***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақ елінің үшінші ұшқыш-ғарышкері, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов мұнайлы өңір тұрғындарымен кездесіп, ғарышқа сапарының кейбір сәттері туралы әңгімелеп берді. Алдымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттерімен, кәсіпорындар ұжымдарымен жүздесті. Оның пікірінше, ғарыш кемесі секундына 8 шақырымды бағындырып, әп-сәтте аспан әлеміне енеді. Бұл, әрине, ғарышкер болудың оңай емесіне тоқталды. Бірнеше тілді меңгеру қажет. Әсіресе, физика, математика пәндерін тереңдете оқу керек. Ең бастысы, ғарышкердің денсаулығында еш кінәрат болмағаны жөн. Өйткені, ғарыш ағзаны үлкен өзгеріске түсіреді. «Ғарыштан жерге қарағанда еш шекара байқалмайды. Ғарышта ғарышкерлер ұлтқа, елге бөлінбейді. Бәрі бір атаның баласындай, тіпті, менен «Курт бар ма?» деп қазақтың ұлттық тағамына деген қызығушылығын білдіріп жатты. Ал ғарыштан жерге оралғанда, туған жердің жұпар ауасы тынысымды кеңітіп сала берді», деді ғарышкер Айдын Айымбетов өзінің ғарыштағы сапары жайлы.
Ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетовтің жұртшылықпен жүздесуі Махамбет ауданында да өтті. Мұнда оны жарық дүние есігін енді ашқан нәрестесімен Сисеновтер отбасы да асыға тосты. Өйткені, әулеттің бәйтерегі Қобылан қария немересіне ғарышкердей батыр болсын деген ниетпен Айдын есімін беруге ұйғарым жасапты. Өзімен аттас кішкентай сәбиді қолына алған ғарышкер А.Айымбетов «Елінің, халқының шынайы патриоты, абыройлы ұлы болып ержетсін!» деген ізгі тілегін айтып, аман-есен өсуіне ниеттестігін білдірді.
Бұл материал «Елінің абыройлы ұлы болсын!» деген тақырыппен берілген.
Бас басылымда « Торғай даласындағы тылсым» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. « Тағы да бүкіл әлемнің назары қазақ даласына ауды. Бұл жолы жаһанның қызығушылығын тудырған дүние Торғай өлкесінен табылған тылсым өрнектер болып отыр. Таяуда АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі жерге ойылып салынған аталған геометриялық денелердің фотосуреттерін жариялады.
Негізі бұл өрнектерді алғаш рет 2007 жылы Қостанай тұрғыны Дмитрий Дей кездейсоқ тауып алған еді. Ол пирамидалар туралы фильм көріп, Google Earth бағдарламасы арқылы өз қаласының маңынан сондай тарихи жәдігерлерді іздеген. Нәтижесінде, Торғай даласындағы түсініксіз суреттердің үстінен түсті», - деп жазады мақала авторы.
Бүгінде Turgay Discovery жобасының жетекшісі Д.Дей осы салаға біржола бет бұрған. Оның айтуынша, қазірге дейін 260 геоглиф табылған екен. Олардың арасында темір дәуіріне және ғұн-сармат кезеңіне тиесілі өрнектер де бар. Ал ең ежелгілері болып саналатын алып шаршы мен айқыш осыдан 8 мың жыл бұрын пайда болған.
- Біз 2012 жылы осындай 19 нысанды зерттеп, 14-інің жанынан неолит дәуірі кезінде қолданылған көне бұйымдарды таптық. Меніңше, бұл суреттердің Перудегі атақты Чанкильо өрнектерімен байланысы бар. Себебі, екі жақта да геоглифтерді аңшылардың жан-жануардың маусымдық көшуін бақылауға қолданғаны белгілі болып отыр, - дейді зерттеуші.
Сонымен қатар, ол 14 мың жыл бұрын сол кездегі аңшылар Америкаға Оңтүстік Сібір арқылы кеткенін назарға алды. Соған орай ол геоглиф дәстүрінің бір тармағы Торғай даласымен тығыз байланысты деп санайды.
***
«Айқын» газетінде «Қазақстанда жасалған» павильоны ашылуы мүмкін» деген мақала жарияланды. «Халық маркасы» жалпыұлттық жобасының жетекшісі Римма Тәжібаеваның мәлімдеуінше, 2017 жылы ЭКСПО көрмесінде осындай павильон жабдықталса, келушілердің саны көп болады.
- Біз ұлттық компанияға ЭКСПО көрмесінде «Қазақстанда жасалған» павильонын ашуды ұсындық. Қазір мәселе талқыланып жатыр, - деді ол. Жоба жетекшісінің сөзінше, «Халық маркасы» жалпыұлттық байқауында жеңімпаз атанған кәсіпорындар Миланда өз өнімдерін әлем жұртшылығының назарына ұлттық бренд ретінде ұсынған. Олардың өнімдеріне шетелдіктер қатты қызыққан. - «Қазақстанда жасалған» павильоны арқылы біз шетелдіктердің Қазақстанды және оның азаматтарын тануға деген құлшынысын арттыра түсеміз. Біз «ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясына мемлекеттік мүддені көздейтін, елдік мақсатты көксейтін ұсыныс жасадық. Ұсынысымыздың назардан тыс қалмайтынына сенеміз, - деді Р.Тәжібаева.
Жыл басында Мемлекет басшысының бастамасымен республика бойынша «Қазақстанда жасалған» акциясы ұйымдастырылып, оған 70-тен астам отандық өндіруші мен 100-ден астам марка қатысқанын атап көрсеткен жоба жетекшісі қазіргі таңда 27 кәсіпорын «Халық маркасы» деген атаққа лайық деп танылып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Алматы қалалары азық-түлік өндірушілердің көшін бастап тұр.
***
«Экспресс К» газетінде «Сайгаки вымрут как мамонты» атты материал берілген. Лондондағы Корольдік ветеринарлық колледж докторы Ричард А. Кок The New York Times басылымына берген сұхбатында киіктердің жаппай қырылуына себеп жағдайлар айқындала бастады. Ғалымның пайымынша, климаттың өзгеруі мен көктемнің ерте келуінің салдарынан жануарлар тасымалдайтын зиянсыз бактериялар қауіпті патогендерге трансформацияланған. Киіктер ауруға ұшырағаннан кейін бірнеше сағаттан соң қырылып отырған.
Жануарлар арасында орын алған бұндай ахуал зерттеушіні қатты алаңдатып отыр. Оның пікірінше, климаттық жағдай киіктердің қырылуы механизмін іске қосуы мүмкін.