Оған қажетті заңнама әзірленіп, жеке сот орындаушыларын іріктеу комиссиясы құрылды. Ағымдағы айдың екінші жартысында жеке сот орындаушысы қызметінен үміткер азаматтарға лицензия беру науқаны басталмақ. Осынау үлкен әрі жауапты бастаманың алдында ҚР Әділет министрлігінің өкілдері, заңгер-мамандар мен халықаралық сарапшылар бас қосып, бүгін Астанада басталған «Қазақстан Республикасында жеке сот орындаушылары институтын енгізу» тақырыбындағы халықаралық семинарда елімізде жеке сот орындаушылары институтын енгізу бойынша қолға алынған іс-шараларды тағы бір мәрте таразылап алды.
ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің жеке сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру басқармасының бастығы Ғалымбек Смағұлов хабарлағандай, өткен жылы қабылданған «ҚР Сот орындаушыларының мәртебесі және атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға сәйкес елімізде жеке сот орындаушылары институтын енгізу қарастырылып отыр. «Қазақстан ТМД елдері ішінде бірінші болып жеке сот орындаушылары институтын енгізуде. Оның негізгі ерекшелігі - жеке сот орындаушыларының қызметі мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жүргізіліп, осы екі сала бір-бірін толықтырыратын болады. Сотқа жүгінген азаматтар сот орындаушысын өз қалауы бойынша таңдайтын болады. Ал мемлекет олардың қызметін қатаң бақылауда ұстамақ. Жеке сот орындаушылары тараптардың бірі мемлекет болып табылатын құжаттардан басқа барлық сот актілерімен айналыса алады», - дейді Ғ.Смағұлов. Комитет өкілі атап көрсеткендей, наурыздың екінші жартысынан бастап ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитеті жеке сот орындаушысы қызметінен үміткер азаматтарға лицензия беру бойынша құжат қыбылдауды бастайды. «Біздің зерттеуіміз бойынша бүгінде сот орындаушыларының басым бөлігі жеке атқару саласына ауысуды көздейді. Сондықтан біз мемлекеттік сот орындаушыларының саны айзайып қалмасын деп жеке сот орындаушыларына лицензия беруді кезең-кезеңімен жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қабылдау науқанының алғашқы кезеңінде 200 лицензия берілсе, жылдың аяғына дейін 400 жеке сот орындаушысына арнайы рұқсат беру қағазын табыс ету көзделіп отыр», - дейді Ғ.Смағұлов.
Заңға сәйкес жеке сот орындаушысы қызметінен үміткер мамандарға бірнеше талап қойылып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтығының болуы, 25 жасқа толуы, біліктілік емтиханын тапсыруы, бір жылдық тағылымдамадан өтуі, лицензия алуы және конкурстық іріктеуден өтуі. Осы орайда алғашқы жылдары жеке сот орындаушыларын бесжылдық еңбек өтілі бар атқару өндірісі қызметкерлердің, сондай-ақ он жылдық еңбек өтілі бар прокурорлар мен судьялардың қатарынан алу қарастырылған. Лицензияға ие болған азаматтар үш жылда бір рет аттестациядан өтуі міндет.
Жеке сот орындаушыларының Халықаралық одағының бірінші вице-президенті, заңгер Бернар Меню Қазақстанның бастамасына оң баға беріп отыр. Дей тұрғанмен, халықаралық сарапшының қазақстандық заңнамаға алып-қосар ұсыныстары жоқ емес. Оның хабарлауынша, бүгінде Еуропа елдерінде сыбайлас жемқорлық үшін айыпты болған мамандар жеке сот орындаушысы қызметіне алынбайды. «Бізде осындай қатаң талап бар. Оны Сіздерге де қолдануды ұсынамын», - дейді Б.Меню. Сондай-ақ кәсіби сот орындаушысы атап көрсеткендей, жеке сот орындаушыларын іріктеу комиссиясының құрамында кәсіби психолог-мамандар болуы қажет. «Негізі, Қазақстанда жеке сот орындаушылары инстиутын енгізу саласындағы заңнама өте сауатты әзірленген. Жақында, мен Ресейдің осы саладағы тәжірибесімен танысқан едім. Осы орайда Қазақстанның өз заңнамасын халықаралық талаптарға барынша сай етіп даярлауға тырысқандығын ерекше атап өткен жөн», - дейді Б.Меню.
Жалпы, жеке сот орындаушылары институтын енгізу арқылы мемлекет атқарушылық іс жүргізу бойынша өзіне жүктелген міндеттерді жеке секторға беріп, ол арқылы жаңа нарықтық ортаны қалыптастыруды көздеп отыр. Осының арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болып, бюжетке түсетін салықтың көлемі ұлғаймақ. Болашақта жеке сот орындаушылары осы саладағы мемлекеттік мамандарды ығыстырып, атқарушылық іс жүргізу толығымен жеке ортаға көшеді деген болжам бар.