Қазақстанда жұмыссыздар саны артады деген пессимистік болжам орындалмайды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Б.Нұрымбетов

АЛМАТЫ. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстан Үкіметі бүгінгі таңда әлемдік экономикалық дағдарыс халыққа ауыртпалығын түсірмес үшін тұрғындарды әлеуметтік қорғау бағытында кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда.

Бұл бағыттағы ең өзекті мәселенің бірі жұмыспен қамту. Әлемде жұмыссыздар саны артып отырған уақытта Қазақстан қайтпек, Үкімет қандай шара қолға алып жатыр? ҚазАқпарат тілшісі Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауын түсіндіру, насихаттау мақсатында Алматыға келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовпен осы мәселелер турасында сұқбаттасқан еді. - Біржан Бидайбекұлы, Алматыда министрлер мен мәжіліс депутаттарынан құралған ақпараттық-насихат тобы жүр. Бұл бағытта нендей мәселелерге назар аударып отырсыздар? - Иә, кешеден бері Алматыда Президент әкімшілігінің тапсырмасымен құрылған ақпараттық-насихат тобы жүр. Топтың келу мақсаты Елбасы Жолдауындағы негізгі бағыттарды халыққа түсіндіру. Біздің топ үшін 25 сәуірге дейін 8 кездесу өткізу көзделген. Бүгінге дейін кәсіподақтармен, Ардагерлер үйінде зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, «Ақсай-нан» зауыты, орта мектеп ұжымдарымен кездесу өтті. Бұл кездесулердегі біздің мақсатымыз - Елбасы Жолдауына сәйкес Үкімет тарапынан қабылданып жатқан әрбір шараны халыққа жеткізу. Егер біз әрбір залда, әрбір аудиторияда Үкіметтің бүгінгі шаралары туралы айтып отырсақ, бұл халық назарына жылдам жетеді деген ойдамын. 2007 жылдың қараша айынан бері Қазақстан экономикасына 1 триллион 700 миллиард теңге қаржы секторындағы тұрақтылықты сақтау, тұрғын үй проблемаларын шешу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шағын және орта бизнес, инфрақұрылымдар мен инвестициялық жобаларды қолдау мақсатына бағытталды. Бұдан бөлек Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес экономикаға қосымша 140 миллиард теңге құйылды. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған өте жақсы үстеме. Жалпы алғанда мен Елбасы Жолдауына сәйкес Үкімет тарапынан тұрақтандыру шараларына осындай үлкен көлемде қаржының бөлінуін маңызды қадамдардың бірі деп айтар едім. Бүгінгі кездесулер барысында осы қаржының игерілуін және осыған қатысты басқа де мәселелерді халыққа айтып жатырмыз. Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдеріне олардың құқықтарын, несие алу үшін қандай құжатпен қайда бару керектігі, қайта несиелендіру талаптарын, студенттерге гранттар мен несиелерді алу жолдары мәселелерін түсіндіріп жатырмыз. Осы жерде айта кететін жайт - студенттер арасында несиенің пайыздық үстемесінің жоғарылығы туралы сұрақтар туындап жатыр. Біз бұл мәселені жоғарыдағы құзырлы органдарға жеткізіп, шешілуіне көңіл бөлеміз. - Қазір әлем елдері бойынша жұмыссыздар саны артуда. Осы тұрғыда Қазақстанның жағдайы қандай болмақ, белгілі бір тәуекелдер бар ма? - Бүгінде өндіріс көлемінің азаюына орай жұмыссыздар санының арту қаупі де және бұған обьективті фактор да бар. Облыстар мен қала әкімдерінің дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасына сәйкес ең пессимистік болжам бойынша бізде негізінен өңдеу, тау-кен өндірісі, құрылыс, сауда, тұрғын үй саласында қызмет істейтін 136 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, біз биылғы жылы еңбек нарығына жоғары оқу орындарының түлектері қосылатынын ескеруіміз керек. Жергілікті атқару органдары мен Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл 190 мың жоғары оқу орнын бітіруші мемлекеттің көмегіне жүгінеді. Бұған қоса, биыл Үкіметпен қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 200 мың оралман отбасыны қабылдаймыз. Олардың көпшілігінің жұмысқа қабілетті екендігін ескерсек, жұмыспен қамтуда белгілі бір деңгейде мәселелер туындайтыны түсінікті. Осы тұрғыда жұмыспен қамтудың маңызды әрі жедел шешетін мемлекеттік іс болатыны сөзсіз. Қазіргі таңда мемлекет өз тарапынан азаматтарды жұмыспен қамтуға дайын, сондықтан республикалық бюджеттен бөлінетін 140 миллиард теңге жаңа жұмыс орнын жасақтау, әлеуметтік жұмыс орындары мен жастарды жұмысқа тарту ісіне жұмсалмақ. - Осы мәселеге кеңірек тоқталсаңыз. Алдағы уақытта нақты қанша жұмыс орындары ашылмақшы және әлеуметтік жұмыс орындары мен жастарды жұмысқа тарту мәселесі қандай болмақ? - Жаңа жұмыс орындарын ашу үшін республикалық бюджеттен 117 миллиард теңге қарастырылған, ал жергілікті бюджеттер қосымша қаржы салушы ретінде 51 миллиард теңге бөледі. Жалпы алғанда 168 миллиард теңге жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталады. Бұның арқасында біз жұмыссыздық мәселесін шешеміз, екіншіден - дағдарыс кезінде дамудың негізін саламыз. Елбасы айтқандай, біз қосымша тыл жасақтауымыз керек. Демек барлық салада оңтайландыру болуы тиіс. Осы бағытта мәселен жаңасын салғанша, жөндеуді қажет ететін, ұзық жылдардан бері елді мекендердің өмірін қамтамасыз етіп келген тұрғын-үй коммуналдық желілерді (тозу деңгейі 70 пайызды құрайды) , темір жол мен күре жолдарды жөндеуіміз қажет. Жаңа темір жолдар салғанша, ескілерін қалпына келтіру керек. Дәл осылай мектептер мен ауруханалардың ескілерін күрделі жөндеуден өткізу керек. Бұл Елбасы жолдауында нақты айтылған мәселенің бірі. Сондай-ақ бөлінген қаржылардың бір бөлігі проблемасы көп ауылдарға, мәдени нысандарды, жолдарды жөндеуге жіберілмек. Қазіргі кезде барлық облыстар мен қалалардың әкімдері нақты жөнделетін жолдарды анықтап болды. Бұл есеп бойынша 4 300-ден астам нысанды жөндеу үшін 168 миллиард теңге бөлінген. Бұл жерде 260 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал әлеуметтік жұмыс орындары мен жастарды жұмысқа тарту дегеніміз, бұл - уақытша жұмыс орындары арқылы жұмыспен қамтудың бір түрі саналады. Қазіргі кезде біз бұлардың ауқымын арттырып отырмыз. Мысалы былтырғы жылы біз 11 мың әлеуметтік жұмыс орнын құрсақ, биыл Елбасы Жолдауына сәйкес бөлінген қаржы негізінде 61 мың жұмыс орны ашылады. Өткен жылы 2,5 мың жасты жұмыспен қамтысақ, биыл 34 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтимыз. Бұл әлеуметтік жұмыс орындары кәсіпорындарда жергілікті билік пен жұмыс берушілер арасындағы келісімге сәйкес ашылады. Бұндағы ерекшелік жалақының жартысы бюджеттен, жартысын жұмыс беруші төлейді. Ал жастарды жұмыспен қамту тәжірибесіне бітірушілер тартылады. Олардың жұмыс орны мен жалақысы бюджетпен қамылады. Нәтижесінде бітіруші жұмыспен қамтылып, белгілі жалақы мен қазір барлық жерде сұрайтын жұмыс тәжірибесін алады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 8,6 миллиард теңге бөлінеді. Бұдан бөлек 14, 4 миллиард теңге кәсіби дайындау мен қайта дайындау жүйесіне бөлінеді. Бұл өте маңызды. Жұмыссыз қалғандардың барлығы жаңа мамандықты игеру мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығын жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Өйткені жұмыстан қысқартылғандарды қайта оқытуға бағыттау солардың құзырында. Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігінің негізінде 373 кәсіптік -техникалық колледж бен лицейлерде 6 айға дейінгі оқу курстары ашылады. Жалпы алғанда қазіргі таңда үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді, қаражат бөлінді, нысандар анықталды, қаржы қазірден бастап жергілікті атқарушы органдарға жіберілуде. Осы аптада барлық жергілікті атқарушы органдар жерглікті бюджетті анықтайды, ал 1 мамырдан бастап нысандарды жөндеу үшін тендер-конкурстар басталады. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру туралы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондықтан тез арада конкурстарды өткізуді тездетіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жеделдетіп, құрылыс нысандарын, әсіресе білім ошақтарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау қажет. - Дағдарыстың қаншаға созыларын әркім әртүрлі айтып жүр. Сіз қалай ойлайсыз, отандық тауар өндірушілер дағдарыс уақытында бәсекеге қабілетті бола ала ма? - Иә, сарапшылар әртүрлі пікір айтып жүр. Біреулер ұзаққа созылады дейді, бұған қарсы пікірлер де бар. Менің өзім бір нәрсеге сенімдімін. Бізде мемлекет басшылығының салиқалы саясаты нәтижесінде дағдарыстан сәтті шығуға қадам жасалды. Қазіргі жасалып отырған экономика мен тұрғындарды қолдауға бағытталған қадам өте дұрыс саясат. Бұны көрген шетелдік сарапшылар да Қазақстанның посткеңестік кеңістікте бірінші болып дағдарысты жеңетіні жөнінде пікір білдіруде.