Еске салайық, отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын.
«Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жобада қамтылған маңызды мәселенің бірі - кәсіби стандарттарды белгілеу және сол бойынша оқу стандарттарын өзгерту. Бұл бір жағынан ұлттық біліктілік жүйесіне енетін негізгі мәселе. Өйткені, біз жыл сайын елімізде 17 мыңнан астам бос жұмыс орындарының текке қалып жатқанын айтып келеміз. Себебі, оқу орындарын бітірген азаматтардың біліктілігі жұмыс берушілердің талаптарына көбіне сәйкес келе бермейді. Ал бұл кемшілік жұмыс берушілердің өздері оқу процесіне атсалысқанда ғана шешімін табуы мүмкін», - дейді министр.
Оның айтуына қарағанда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сәйкес, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер оқу орындарына өздерінің ұлттық біліктілік жүйесіндегі салаларға сәйкес кәсіби стандарттар мен талаптарды қояды. Ал оқу орындары сол стандарттарға сәйкес, оқу бағдарламаларын өзгертеді.
«Біз Дүниежүзілік банк сарапшыларымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2020 жылға дейін 550 кәсіби стандарттарды әзірлеп шығару мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Мұндай кәсіби стандарттар тек кадрлар даярлауда емес, сонымен бірге қайта даярлау барысында да қамтылуы қажет», - деді Т. Дүйсенова.
Еске сала кетейік, Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі Қазақстанға Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жобаны қаржыландыруға 100 млн АҚШ доллары сомасында қарыз беретін болады.