Қазақстандағы алғашқы АЭС құны неден құралады

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің бас директоры Ернат Бердіғұлов Қазақстанда салынатын атом электр станциясының құнын шетелдегі ұқсас жобалармен тікелей салыстыруға болмайтынын айтты.

Фото: «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС

Оның айтуынша, әрбір АЭС жобасының техникалық ерекшелігі бар және ол нақты бір елдің жағдайына бейімделіп жүзеге асырылады. Сондықтан әртүрлі мемлекеттердегі атом электр станцияларының құнын тікелей салыстыру дұрыс бола бермейді.

Атом электр станциясының құнына бірнеше жайт әсер етеді. Олардың қатарында таңдалған реактор технологиясы, энергия блоктарының конфигурациясы, ядролық және радиациялық қауіпсіздікке қойылатын ұлттық талаптар, сондай-ақ құрылыс алаңының инженерлік-геологиялық және климаттық ерекшеліктері бар.

Бұдан бөлек, жоба құнына қосымша шығындар да кіреді. Олардың көлемі әр елде әртүрлі болуы мүмкін. Атап айтқанда, сыртқы инженерлік инфрақұрылым салу, ұлттық кадрларды даярлау, нысанның физикалық қорғалуын қамтамасыз ету және алғашқы пайдалану кезеңіне қажетті ядролық отын сатып алу шығындары қарастырылады. Ернат Бердіғұловтың сөзінше, мұндай шығындар Қазақстан жобасында да бар.

Компания басшысы әр мемлекет атом электр станциясын өз қажеттілігі мен энергетикалық жүйесінің ерекшеліктеріне қарай жоспарлайтынын атап өтті. Қазақстанда қуаты 1200 мегаватт болатын энергия блоктарын таңдау электр энергиясына сұраныстың алдағы өсімін алдын ала қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты жасалған.

Болжам бойынша, елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын шамамен 4 пайызға артады. Ал энергия тапшылығы байқалатын оңтүстік энергетикалық аймақта бұл көрсеткіш 5,5 пайызға жетуі мүмкін.

Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіптің дамуы, деректерді өңдеу орталықтарының салынуы және жасанды интеллект технологияларының енгізілуі энергетикалық жүйеге қосымша салмақ түсіреді. Өйткені бұл бағыттар электр энергиясын көп тұтынатын салалардың қатарына жатады.

Қазақстандағы алғашқы АЭС үшін халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай келетін ВВЭР-1200 реакторы таңдалған. Ернат Бердіғұловтың айтуынша, бұл — «Росатомның» тәжірибеде сыналған әрі халықаралық деңгейде кеңінен қолданылып жүрген негізгі жобаларының бірі.

ВВЭР-1200 технологиясы бүгінде Египеттегі «Эль-Дабаа», Венгриядағы «Пакш-2», Қытайдағы «Тяньвань» және «Сюйдапу», Түркиядағы «Аккую», Бангладештегі «Руппур» атом электр станцияларында қолданылып жатыр. Сондай-ақ Беларусь атом электр станциясында пайдаланылған. Бұдан бөлек, Ресейдегі жаңа атом энергетикасы жобалары үшін де осы реактор түрі басым бағыт ретінде қарастырылады.

Компания басшысының айтуынша, әлемдік тәжірибе мен қазіргі инфляция деңгейін ескергенде, Қазақстандағы АЭС жобасының құны ВВЭР-1200 технологиясы негізінде жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобалардың бағасымен шамалас болады.

Соған қарамастан, болашақ станцияның нақты құны әзірге анықталған жоқ. Бұған дейін ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев түпкілікті баға инженерлік зерттеулер аяқталып, жобалық құжаттама әзірленгеннен және келісімшарт талаптары келісілгеннен кейін белгілі болатынын мәлімдеген еді.

Атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және технологиялық дамуына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырылып отыр.

— Жобаның іске асуы экономикаға елеулі серпін береді деп күтіледі. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өнеркәсіпті дамытуға, білікті мамандар даярлауға және ядролық медицина, радиофармацевтика секілді ғылымды қажет ететін салалардың дамуына ықпал етеді, — деді Ернат Бердіғұлов.

Компания мәліметінше, жоба іске асырылған кезде ядролық, радиациялық, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікке басымдық беріледі. Сондай-ақ барлық жұмыс МАГАТЭ талаптары мен халықаралық стандарттарға толық сәйкес жүргізіледі.

Бұған дейін Балқаш маңындағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін екенін жазған едік.