Қазақстандағы әскери білім: Қазіргі оқыту жүйесінің ерекшелігі неде

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әскери кадрларды даярлау жүйесі колледжден бастап докторантураға дейінгі барлық білім беру деңгейін қамтиды. Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, бүгінде әскери білім беру жүйесі тәжірибеге басымдық беріп, курсанттарды қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сай оқытуға бағытталған.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда әскери мамандар қайда даярланады

Бүгінде Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру жүйесіне Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесінің бірыңғай нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік кеңістігінде жұмыс істейтін 9 әскери оқу орны кіреді.

Олардың қатарында үш әскери институт, бес әскери колледж және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті бар.

Офицерлер Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, сондай-ақ Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында даярланады.

Ал сержанттар құрамын Астана, Щучинск, Қарағанды, Шымкент және Алматы қалаларындағы әскери колледждер даярлайды.

Әскери білім беру жүйесінің ең жоғарғы сатысы – Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті. Мұнда магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша әскери мамандар даярланып, Қарулы Күштердің басшылық құрамының біліктілігі жетілдіріледі.

Әскери білім алу жүйесі қалай жұмыс істейді

Мұрат Олжабаевтың айтуынша, әскери оқу орындарында мамандар техникалық және кәсіптік білім беру, бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша даярланады.

Осылайша, Қазақстанда сержанттар құрамынан бастап офицерлер мен әскери ғалымдарға дейінгі кәсіби өсудің үздіксіз жүйесі қалыптасқан.

– Мұндай тәсіл әскери қызметшілерге қызмет барысында білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді, - деді департамент басшысы.

Әскери оқу орнына қабылдау кезінде кімдерге басымдық беріледі

Полковник Мұрат Олжабаевтың айтуынша, әскери оқу орындарына қабылдау қолданыстағы заңнамаға сәйкес рейтингтік тізімдер негізінде жүргізіледі.

– Егер талапкерлердің көрсеткіштері тең болса, «Қазақстан Республикасындағы әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 39-бабында көрсетілген азаматтарға басымдық беріледі. Олардың қатарында әскери қызмет өткеру өтілі бар әскери қызметшілердің балалары, «Алтын белгі» иегерлері және халықаралық әрі республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары бар, - деді спикер.

Әскери білім беру жүйесінде тәжірибеге басымдық беріледі

Мұрат Олжабаев қазіргі әскери білім беру жүйесінде тәжірибеге басымдық берілетінін атап өтті. Сол үшін далалық сабақтарға, командалық-штабтық және тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларға көбірек көңіл бөлінеді. Оқу бағдарламасы әскери қызметтің нақты жағдайына бейімделіп құрылған.

– Дайындық барысында қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесі негізінде әзірленген сценарийлер пайдаланылады. Курсанттар уақыт тапшылығы, ақпараттың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жеке құрам мен әскери техниканың қауіпсіздігі үшін жоғары жауапкершілік жағдайында жедел әрі тиімді шешім қабылдауға машықтанады, - деді ол.

Сонымен қатар оқу бағдарламасының міндетті бөлігі ретінде курсанттар қолданыстағы әскери бөлімдерде тағылымдамадан өтеді. Бұл олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, оқуын аяқтамай тұрып-ақ әскери қызметтің нақты жағдайымен танысуына мүмкіндік береді.

Курсанттар дрондарды қолдануды да меңгереді

Қазіргі әскери даярлықта ұшқышсыз авиациялық жүйелермен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады. Мұрат Олжабаевтың айтуынша, курсанттар барлау жүргізуді, атысты түзетуді, жағдайды бағалауды, сондай-ақ қарсы тараптың ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл жасау тәсілдерін меңгереді.

Сонымен қатар олар дрондарды бөлімшелерді басқару жүйесіне тиімді енгізу дағдыларын игереді. Полковниктің сөзінше, қазіргі қарулы қақтығыстарда ақпаратты жедел алу мен дәл әрекет ету шешуші рөл атқаратындықтан, мұндай құзыреттер әскери мамандарды даярлаудың ажырамас бөлігіне айналған.

Қорғаныс министрлігінің бағалауынша, үздіксіз әскери білім беру жүйесі қазіргі заманғы технологияларды меңгерген, әскери басқарудың жаңа тәсілдерін игерген және кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын кәсіби офицерлер корпусын қалыптастыруға бағытталған.

Ведомство мұндай жүйе әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін тұрақты арттырып қана қоймай, әскери ғылымды дамытуға және Қарулы Күштердің кадрлық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айта кетейік, әскери жоғары оқу орындары мен колледждерге құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады. Сондай-ақ әскери оқу орындарына құжат тапсыру жеңілдеді, құжатты енді онлайн тапсыруға болады.