Қазақстандағы оппозицияға саясаттанушылардың көңілдері толмайды

АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда 1990-шы жылдары басталған партиялық құрылыс осы уақытқа дейін шырқау шегіне жете алмай отыр. Бұл пікірлерін бүгін «Қазақстанда оппозицияның дамуы» тақырыбы төңірегінде өткен дөңгелек үстел отырысы барысында отандық саясаттанушылар білдірді.

Оның барысында, 2006 жылдан бері «Азат» партиясының мүшесі болып келген, үстіміздегі жылы өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына партияластарына ескертпестен өзін-өзі ұсынып, ақырында партия қатарынан шығарылған Уәлихан Қайсаров Қазақстандағы оппозицияға көңілі толмайтындығын айтты.

У.Қайсаровтың айтуынша, оппозицияның көшбасшылары саяси проблемаларға басымдық береді, ал ұлттық рух, патриоттық, имандылық және ауыл проблемалары сынды халықтың көңіліне жақын көкейкесті мәселелерді керісінше өте аз көтереді. «Біздің оппозицияның халық арасындағы беделінің күннен-күнге төмендеуінің себебі осы», - дейді ол.

Саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстанда оппозициялық қозғалыстар мен партиялардың құрылу мақсаты бір - билік басына келу, жоқ дегенде Парламентке кіру. Олардың өзі халық арасынан шыққан азаматтардан емес, кезінде биліктің құлағын ұстаған, өздерінің қандай да бір мүдделерін көздеген тұлғалардан құралып отыр. Сондықтан оппозиция әлеуметтік мәселелерді көтермей қалың бұқараның қолдауына ие бола алмайды.

Бұл пікірмен Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының ғылыми жетекшісі, саясаттанушы Мейрам Иманбаев та келісті. 1990-шы жылдардағы партиялық құрылыс осы уақытқа дейін шырқау шегіне жете алмай келеді. Аты мен заты бірнеше рет өзгерген партиялар да бар. Бірақ олардың мазмұны мен мақсаттары баяғы қалпы - билікке келу. Олар қандай да бір саяси науқан жақындаған кезде ғана оянып, белсенділік таныта бастайды. Оның өзінде жұмыстары мемлекеттік саясатты кінәлаумен шектеледі. Одан кейін келесі науқанға дейін қайта ұқыға кетеді.

М.Иманбаевтың сөзіне қарағанда, кезіндегі «Алаш» партиясы секілді ұлттық мүддені көтеретін түзу пиғылды оппозициялық партиялар жоқ. Халықтың кең қолдауына ие бола алатын нақты сондай партиялар өміршең болар еді.

2011 жылғы президенттік сайлауға түсуге мүшелерінің бірінің кандидатурасын ұсынған - Қазақстанның Коммунистік партиясы кезіндегі коммунистік партия секілді және Қазақстандағы басқа да оппозициялық партиялар сияқты жоғарыда аталғандай бір ғана бағытта жұмыс істейді. Қазақ жұртшылығының арасында танымалдылығы бар «Ақ жол» партиясы да өз пәрменін көрсете алмай отыр. Ал президенттікке үміткер ретінде өзін-өзі ұсынғаны үшін мүшелерін өз қатарларынан шығарып тастаған «Азат» партиясында өз ішінде алакөздік бар екенін көрсетеді. Ондай партияға қалың бұқара «тағдырларын» сеніп тапсырмасы анық.