Инсульт – мыңдаған отбасының өмірін бір сәтте өзгертіп жіберетін ауыр дерт. Қазақстанда жыл сайын ми қан айналымының жіті бұзылуының 40 мыңға жуық жағдайы тіркеледі. Бұл санның артында мыңдаған адамның тағдыры тұр.
Әсіресе миға көп мөлшерде қан құйылған жағдайда науқастың толық қалпына келуі қиын. Бұған дейін мұндай науқастарға көбіне бас сүйекті ашып, күрделі операция жасау қажет болатын. Ал мұндай операция кезінде мидың сау тіндеріне зақым келу қаупі де жоғары.
Қазір медицинада мұндай операцияларды барынша аз жарақатпен жасауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар пайда болды. Қазақстанда осы бағытты дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың бірі – Еркебұлан Серікқанов.
Өмір сақтайтын ARTEMIS технологиясы
Еркебұлан Серікқанов Қазақстанда алғаш рет видеоэндоскопиялық жүйе мен ARTEMIS нейроэвакуациялық құрылғысын пайдаланып, ми ішіндегі гематоманы аз инвазивті әдіспен алып тастау тәсілін тәжірибеге енгізді.
Бұл әдістің басты ерекшелігі – науқасқа бұрынғыдай ауқымды операция жасаудың қажеті жоқ.
Хирург бас сүйегінде небәрі 2х2 сантиметр көлемінде шағын тесік жасайды. Одан кейін компьютерлік нейронавигацияның көмегімен гематомаға апаратын ең қауіпсіз жол анықталады.
Нейронавигацияны хирургке жол көрсететін GPS-пен салыстыруға болады. Ол дәрігерге мидың сау бөліктерін барынша айналып өтіп, қажетті нүктеге дәл жетуге көмектеседі.
Осы жол арқылы жіңішке эндоскоп пен арнайы аспирациялық құрылғы енгізіледі. ARTEMIS құрылғысы ми тіндеріне барынша аз зақым келтіре отырып, жиналған қанды сорып шығарады.
Бұл әдістің тиімділігін нақты клиникалық жағдайдан да көруге болады.
62 жастағы ер адам ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Оның денесінің оң жағы толық салданып, сөйлеу қабілетінен айырылған. Миында көлемі 62 текше сантиметрге жететін үлкен гематома болған.
Еркебұлан Серікқанов пен оның әріптестері екі сантиметрлік шағын жол арқылы операция жасап, жиналған қанды толық алып тастаған. Ең бастысы – операция кезінде мидың сау тіндерінің зақымдануы барынша азайтылды.
Екі аптадан кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған.
Бүгінде науқастың мүгедек болып қалу қаупін төмендетуге және жансақтау бөлімінде жататын уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін бұл әдісті Астана мен Алматыдағы клиникалар да меңгеріп жатыр.
«Аз инвазивті әдістерді енгізу асқыну қаупін төмендетіп, инсульттен кейінгі қалпына келу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Біз үшін Қазақстандағы пациенттердің заманауи халықаралық стандарттарға сай ем алуы маңызды», – дейді Еркебұлан Серікқанов.
Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар отандық нейрохирургияға жаңа мүмкіндік береді. Заманауи тәсілдерді меңгерген дәрігерлердің көбеюі еліміздегі жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Пандемия кезінде пайдасын көрсетті
Бұл әдістің COVID-19 пандемиясы кезінде әзірленгенін де атап өткен жөн.
Пандемия денсаулық сақтау жүйесіне орасан салмақ түсірді. Ауруханалар мен жансақтау бөлімдері шамадан тыс жүктелгеніне қарамастан, инсульт алған және басқа да нейрохирургиялық аурулары бар науқастарға шұғыл операция жасау қажет болды.
Осындай жағдайда аз инвазивті технологиялардың артықшылығы айқын көрінді.
Олар операция уақытын қысқартуға, пациенттің ауруханада аз жатуына, жансақтау бөлімдеріне түсетін жүктемені төмендетуге және жағдайы ауыр науқастарда асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік берді.
1000-нан астам күрделі операция
Нейрохирургияда дәрігерлердің мамандану бағыты әртүрлі. Бірі миға ашық микрохирургиялық операция жасаса, екіншісі қан тамырларының ішіне шағын тілік арқылы кіріп, эндоваскулярлық операциялар жүргізеді.
Ал осы екі бағытты да қатар меңгерген мамандар әлемде өте аз.
Еркебұлан Серікқанов – екі әдіспен де жұмыс істейтін нейрохирургтердің бірі.
Елдің жетекші нейрохирургиялық орталығында жұмыс істеген жылдары ол 1000-нан астам күрделі операцияға қатысқан. Оның кемінде 300-ін жетекші хирург ретінде өзі жасаған.
Сонымен қатар оның тәжірибесінде 500-ден астам эндоваскулярлық операция бар. Олардың қатарында артерияларға стент орнату, аса қауіпті аневризмаларды эмболизациялау секілді күрделі процедуралар кездеседі.
Ол ми ісіктерін емдеуде де бірнеше әдісті қатар қолданады.
Мысалы, қан тамырларымен тығыз байланысты ми ісіктерін, соның ішінде менингиомаларды емдеу кезінде екі кезеңді тәсіл қолданылады.
Алдымен ісікті қанмен қамтамасыз етіп тұрған тамырлар эндоваскулярлық әдіспен жабылады. Содан кейін микрохирургиялық операция арқылы ісіктің өзі алынады.
Бұл әдіс операция кезінде көп қан жоғалту қаупін азайтып, мидың маңызды құрылымдарын барынша сақтауға мүмкіндік береді.
Ұлттық емдеу хаттамаларын жетілдіруге үлес қосты
Еркебұлан Серікқанов операция жасаумен қатар ғылыми жұмыспен де айналысады. Оның зерттеулерінің бір бағыты – аневризма жарылғаннан кейін пайда болатын церебралды вазоспазмды емдеу.
Церебралды вазоспазм кезінде мидағы қан тамырлары күрт тарылып, қан айналымы бұзылады. Бұл ишемияға, ауыр асқынуларға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.
Серікқанов әзірлеуге және тәжірибеге енгізуге атсалысқан емдеу алгоритмдері, соның ішінде заманауи дәрілік препараттарды қолдану мен қан тамырларына баллонды ангиопластика жасау тәсілдері Қазақстанның ұлттық клиникалық хаттамаларына енгізілді.
Бұл – аталған тәсілдерді еліміздің әр өңіріндегі дәрігерлер пайдалана алады деген сөз.
Серікқанов жұмыс істеген бөлімшелердің ішкі статистикасына сәйкес, оның тікелей қатысуымен және жетекшілігімен аневризмасы жарылып, миына көп мөлшерде қан құйылған 120-дан астам шұғыл науқастың өмірі сақталған. Бұл пациенттер тобындағы өлім-жітім көрсеткіші елдегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен болған.
«Доктор Серікқановтың отандық нейрохирургияны дамытудағы рөлі аса маңызды болды. Ең күрделі консилиумдарда оның сараптамалық пікірі шешім қабылдауға ықпал етті. Ал санаулы минуттар шешуші рөл атқаратын жағдайларда оның кәсіби шеберлігі талай адамның өмірін сақтап қалды», – дейді әріптестері.
Бүгінде Еркебұлан Серікқанов әлемдік медицинадағы кәсіби жолын жалғастырып келеді.
Оның тәжірибесі қазақстандық дәрігерлердің әлемдегі озық технологияларды меңгеріп қана қоймай, оларды отандық медицинаға енгізіп, емдеу тәсілдерін жетілдіруге қабілетті екенін көрсетеді.
Өйткені медицинаның қаншалықты технологиялық деңгейге көтерілгеніне қарамастан, оның ең басты мақсаты өзгермейді. Ол – адам өмірін сақтау.