АСТАНА. KAZINFORM — Ташкент қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында Азия және Тынық мұхит чемпионаты өтіп жатыр.Қазақстан самбо федерациясынан мәлім еткеніндей, екі күннің қорытындысы бойынша қазақстандықтар 8 алтын, 5 күміс, 13 қола медальға ие болды.
Атап айтқанда, спорттық самбодан ерлер арасында Жандос Бейсенбаев (64 кг), Арнұр Қуатай (71 кг), әйелдерден Айман Ибрагимова (50 кг), Мәдина Ержан (80 кг) алтыннан алқа тақты. Жауынгерлік самбодан Бақытжан Дүйсембеков (79 кг), Мәди Райхан (98 кг), Жадыра Пайыз (50 кг), әлем чемпионы Нұрила Асанқызы ( 80 кг) үздік шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында 470-ке жуық балуан бақ сынап жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).