Мемлекет қаржысы қайдан алынады
ҚР Қаржы министрлігі берген есепте бұл деректер толығымен қамтылған. 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, 7,27 трлн теңге кірістің 6,98 трлн-ы салықтан түскен. Басқаша айтқанда, мемлекет ішкі нарықтан келген табысты қайта бөлу арқылы өмір сүреді.
Салықтың да көптеген түрі бар – кіріс салығы, ҚҚС, бизнестен түсетін салық, жер қойнауын игерушілер төлейтін салық. Айта кететін жайт, Қазақстан экономикасының тірегі – салық түсімдері және шикізат экспорттау. Екеуінің теңгерімі экономиканы әртараптандыру шараларына байланысты ақырындап өзгеріп келе жатыр.
Бірінші бағыт – күнделікті экономикалық белсенділік. Жалақы аударымдары, сатып алу және қызмет көрсету секторларынан салық түседі. Демек, азаматтар табысын алғанда ғана емес, жұмсағанда да, бюджет толығады. Өңдеу саласы дамып келе жатқандықтан, аталған сектордың маңызы да арта түсуде.
Ал екінші бағыт – шикізат экспорты. Экономиканы әртараптандыру саясатына қарамастан, мұнай, газ және металл сату әлі де бюджеттің өзегі болып қалып отыр. 1 сәуірдегі жағдай бойынша, одан түскен кіріс 1,4 трлн теңгеден асқан.
Мұндай модель халыққа салынатын салық көлемін ұзақ уақыт бойы қатты өсірмеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, республика шикізат экспортына тәуелділіктен біртіндеп арылып келе жатқаны байқалады. Себебі, мемлекет ішкі табыс көздерін күшейтіп, шикізат өндірісі мен экспортынан өңдеу секторына бетбұрыс жасады.
Салықты кімдер төлейді және көлемі қанша
Қағаз жүзінде, бәрі түсінікті. Бизнес өкілдері мен азаматтар төлейтін салық екі түрлі. Ал шын мәнінде, бұл шартты бөлініс. Себебі, компаниялар ҚҚС төлегенде, оны өз табысынан алмайды. Тауардың құнына қосып қояды. Ал әлеуметтік салықтар мен жарналар төлегенде, қызметкерлердің жалақысынан ұстайды.
Егер бекітілген ставкаға қарасақ, жеке табыс салығы – 10%, ҚҚС – 16%, корпоративтік табыс салығы – 20%. Көптеген шетелдегі жағдаймен салыстырсақ, бұл соншалықты жоғары көрсеткіш емес.
Салық саласындағы сарапшы Айдар Масатбаевтың айтуынша, жасырын төлемдерді де ескеру керек.
– Мысалы, жасырын төлемдерге табыстың 10%-ы ұсталатын зейнетақы аударымдарын жатқызуға болады. Сонда салықпен қосқанда, жалақының 19%-ы алынады. Одан бөлек, 2% міндетті медициналық сақтандыру жарнасы шегеріледі, – дейді ол.
Дегенмен, маманның сөзінше, төлемдердің бір бөлігін жұмыс беруші де төлейді.
– Әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар шамамен 11% болады. Сонымен қатар, оған 5% жұмыс берушінің зейнетақы аударымдары қосылады, – дейді Айдар Масатбаев.
Салық қайда жұмсалады
Енді негізгі мәселеге көшіп, бюджетке түскен қаржы қайда кететініне тоқталайық. Ресми дерекке жүгінсек, 2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, 7,27 трлн теңге табыс түсіп, ал шығын 7,29 трлн теңге болған.
Негізгі бағыт – әлеуметтік көмек және қамтамасыз ету. Үш айда бұл мақсатта 1,84 трлн теңге бөлінген. Атап айтқанда, олар – зейнетақы, жәрдемақы және төлемдер, яғни түскен салықты бұқараға кері қайтару механизмі.
Білім беру саласы екінші орында. Оған 1,46 трлн теңге бағытталған. Бұл дегеніміз – мектептер, университеттер, ұстаздардың айлығы және инфрақұрылым, яғни мемлекет адам капиталына инвестиция құяды.
Сонымен бірге, табыстың айтарлықтай бөлігі, яғни 1,19 трлн теңге бұған дейін қабылдаған міндеттемелерді орындауға жұмсалған.
Ал денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінген қаражат салыстырмалы түрде айтсақ, аздау – шамамен 101 млрд теңге. Алайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан берілетін ақшаны, яки 929,9 млрд теңгені қоса есептесек, онда көрсеткіш бірден он есеге ұлғаяды. Демек, салық жүктемесінің бір бөлігі бюджет аясынан тыс қылып көрсетіледі.
Әжептәуір қаржы экономика мен инфрақұрылымды дамытуға: көлік және коммуникацияға – 386,9 млрд теңге, ТҮКШ-ке – 377,7 млрд теңге, ауыл шаруашылығына – 415,3 млрд теңге арналады. Бұл шығындар экономика өсімінің негізін қалыптастырады.
Мемлекет үшін қауіпсіздік те аса маңызды. Қоғамдық тәртіпті сақтауға 394,3 млрд теңге, ал қорғанысқа 282,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл секторлар экономикалық өсімге тікелей әсер етпегенмен, оларға қаржы бөлмеуге болмайды.
Жалпы айтқанда, Қазақстан бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға – әлеуметтік төлемдерге, білім беру және негізгі мемлекеттік қызметтерге бағытталады.
Ұлттық қор – сақтық құралы
Салықтардан бөлек, Ұлттық қор да маңызды рөл ойнайды.
Оның механизмі қарапайым: шикізат бағасы жоғары болған кезеңдерде экспорттан түскен қаржының артылғаны Ұлттық қорға құйылады. Ал қаражат жетіспеушілігі туындаса, ондағы ақша бюджетті тұрақтандыруға қолданылады. Қазіргі жағдайда, тіпті, кіріс пен шығынның арасындағы арақашықтықты толтыруға да пайдаланылып жатыр.
Бұл, әсіресе, мұнай дефициті көрсеткішінен байқалады. Ол үш айда 826,7 млрд теңге болған. Шикізат экспортынан түскен қаржы мен трансферттер есептелмегенде, бюджеттегі теңгерім жойылар еді. Мұндай модель қорға түсетін қаржы шығындармен сай келгенде ғана жарамды. Әйтпесе, бюджеттің сыртқы факторларға тәуелділігі мәселесі туындайды.
Дефицит неге туындайды және ол қалай жабылады
Бюджетке үш айда айтарлықтай салық, яғни 6,98 трлн теңге түскенмен, бәрібір де дефицит бар. 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 593,7 млрд теңге қаржы жетіспейді. Себебі, шығын көлемі кірістен жоғары.
Дефицит бірнеше жолмен жабылады.
Біріншісі – қарыз алу. Үш айда 1,47 трлн теңге қарыз алынған, яғни мемлекеттік қарыз өсіп барады.
Екіншісі – бұған дейін жиналған қаржыны пайдалану.
Үшіншісі – қаржылық активтер арқылы жүзеге асатын операциялар. Бұған квазимемлекеттік сектордағы ресурстарды қайта бөлу де кіреді.
Айта кетерлік жайт, жаңадан алынған қарыздың жартысынан астамы, яки 784,6 млрд теңге бұрынғы қарыздарды қайтаруға жұмсалады. Салдарынан экономикалық өсімге себеп болатын салаларға бөлінетін қаржы қысқарады.
Нәтижесінде, бюджет сыртқы факторларға (шикізат экспорты мен тағы да қарыз алуға) тәуелді болып қала береді.
Мемлекет кіріс жолдарын қайдан қарастырады
Дефицит жағдайында мемлекет бюджетке барынша тиімді және халыққа мейлінше салмақ салмайтын қадамдарға барады.
Бұл мақсаттағы бірінші бағыт – жанама салықтар. Мысал ретінде 2026 жылы ҚҚС 16%-ға өскенін айтуға болады. Бұл салық ереже бойынша нарықтың барлық қатысушысына салынады, ал іс жүзінде салмақ сатып алушыға, тұтынушыға түседі. Өйткені, жоғарыда жазғанымыздай, компаниялар, әдетте, мұндай төлемдерді сататын тауарларының құнына қосып, өндіріп алады.
– ҚҚС-ны көтеру ең оңай жол. Оның құрылымының өзі солай ойластырылған. Өйткені, бюджетті қысқа уақытта толтырады, – дейді Айдар Масатбаев.
Екінші бағыт – акциздер. Мемлекет жанармай, темекі, алкоголь тәрізді кей тауарларға салықты арттырады. Онымен бір мезетте айлық өсіп, тұтыну көлемі де реттеліп отырады.
Сарапшының пікірінше, тағы бір тәсіл – мүлік және қымбат иеліктер мен заттарға салық салу.
– Мұны қосымша жол ретінде есептеуге болады. Себебі мүлік салығы мәселесі ұзақ уақыт бойы қарастырылмай келді. 450 млн теңгеден қымбат тұратын объектілерге жоғарылатылған ставка енгізу соңғы қадам болды, – дейді ол.
Ал жеке табыс салығы тәрізді тікелей салықтарды өсіру халыққа бірден әсер етер еді. Сондықтан бұл мәселе басқа амал қалмағанда ғана қозғалады.
Қорыта айтқанда, салық – экономиканы ұстап тұратын маңызды кіріс көзі. Сонымен бірге, бюджет қаржысын тиімді жұмсаудың жолдарын әлі де қарастыру керек. Ал дефицит жағдайы туындаса, қарызды шамадан тыс алмау саясатын жүргізіп, экономикалық өсімнің тың тәсілдерін іздеу қажет. Осы бағыттарда дұрыс шешімдер қабылданса, болашақта салық жүктемесі де артпайды.
Айта кетейік, бұған дейін салық органдары мобильді аударымдарды тексере бастағанын жазғанбыз.
Сонымен қатар, қаржы секторында салық ережелері жаңартылып, бірқатар жеңілдік қарастырылды.