«Себебі, діни бірлестіктердің мемлекет алдындағы міндеттері һәм қоғамдық рөлі әлі толықтай нақтыланған жоқ. Осының әсерінен базбір діни бірлестіктер үй ішінен үй тігіп, бейне өзін тәуелсіз субъекті сезінуде. Сондықтан Қазақстанды зайырлы мемлекет десек те, дінді қоғамнан ысырып тастауға яки бөле-жарып қарастыруға келмейді. Өйткені дін - қоғамдық сананың бір көрінісі», - деді Қ.Мінуаров.
Оның айтуынша, бүгінгі күні идеологиялық саладағы өзгерістер, социо-мәдени және саяси дамудың жаңа жағдайларының қалыптасуы, ұлттық сана сезімнің өсуі және рухани, ұлттық құндылықтардың артуы қоғамдық-саяси өмірдегі діннің рөлін күшейтіп келеді. Ал діннің күшеюімен діни наным-сенім иелерінің өз сеніміне деген көзқарастары мен ұстанымдары да беки түсуде.
«Мемлекетті басқарудағы зайырлы жүйе - дінді мойындамайтын, дінге қарсы жұмыс істейтін жүйе емес. Өкінішке қарай, елдегі кейбір радикалды ұстанымдағы адамдар арасында зайырлы жүйені дінге қарсы етіп көрсету әрекеттері байқалуда. Осыдан келіп билікке немесе биліктің күштік құрылымдарына (құқық қорғау органы өкілдеріне т.б.) өшігу фактілері туындауда. Сондықтан қазіргі дін мәселесіндегі өзекті тұстардың бірі - зайырлы жүйе анықтамасын дұрыс түсіндіру болып отырғаны шындық. Демократиялық бағытты ұстанған зайырлы сипаттағы мемлекет бола отырып біз бүгін мемлекеттің дінге оң көзқараспен қарайтынына куә болудамыз. Мешіт қызметкері ретінде айтар болсам, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығымыз, көпвекторлы саясатымызда мұсылман елдерімен жақындастығымыз, республикадағы соңғы жылдардағы өзгерістер: дінтану негіздерін элективті пән ретінде мектептерге (қазір жоғарғы оқу орындарына да енгізіп жатыр) енгізу, отандық телеарналардан «Иман айнасы», «Я верю кз» секілді бірқатар мазмұнды діни бағдарламалардың ұйымдастырылуы, Ислам білімі мен мәдениетін қолдау қорының жұмыс істеп отырғаны, діни әдебиеттердің мол тиражбен көптеп жарық көруі, Астана қаламыздағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» секілді күмбезін күн сүйген көркем мешіттердің көптеп бой көтеруі, дінтанушы мамандарды даярлауға гранттардың көп бөлінуі, тағысын тағылар - барлығы да мемлекеттің дінді өрістетуге жол ашып отырғандығын білдіруде. «Көрмес, түйені де көрмес». Сондықтан бұның барлығын көре білу керек дегім келеді», - деді Қ. Мінуаров.