Қазақстандық АЭА 375,5 млрд. теңге сомасында инвестиция тартты - «KAZNEX INVEST» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары А.Айдаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыруды «Стратегия-2050-дің» елді әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекет қатарына қосу жөніндегі басты мақсатына жетуге бағытталған бүкіл мемлекеттік саясатының өзегі ретінде атаған болатын.

Сонымен қатар Президент өз сөзінде қазақстандық өнеркәсіпті одан ары дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтардың маңыздылығын бірнеше рет айтқан еді.

ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбаты барысында «KAZNEX INVEST» Ұлттық экспорт және инвестициялар жөніндегі агенттігі» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Алмас Айдаров арнайы экономикалық аймақтар қызметі және оларды дамыту болашағы жайында кеңінен баяндап берді.

- Ел экономикасына шетел инвестициясы ағынын ынталандырудың маңызды тетіктерінің бірі арнайы экономикалық аймақтар екендігі белгілі. Сіз Қазақстандағы АЭА жұмыстарының тиімділігіне қандай баға берер едіңіз?

- Арнайы немесе еркін экономикалық аймақтар әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған. Бүгінгі таңда әлемде мұндай 3 мыңнан астам аймақ бар. Айта кетерлігі, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтардың тек 1 пайызға жуығы ғана жаңа жұмыс орындарын құру, өңірлер мен инфрақұрылымдарды дамыту сынды аймақтардың түпкі ниетін табысты жүзеге асырумен қатар әлемдік инвестиция орталығына айнала отырып, зор табысқа жетті. Бұған қоса, бүкіл әлемдік арнайы экономикалық аймақтардың 30 пайызы әлі күнге дейін тек қағаз жүзінде іске асырылған жобалар болып қана қалуда. Бұл тұрғыда, Қазақстанда да дәл сондай кезең 90-шы жылдары орын алған еді. Сол кезеңде арнайы экономикалық аймақтар құрылғанымен жұмыс істемеген. Ол уақытта АЭА-лар ешқандай сараптамаларсыз құрылып, экономикалық тұрғыда тиімсіз болды. Қорытындысында сыртқы қысымдар мен ішкі проблемаларға төтеп бере алмаған АЭА-лар таратылды. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығынан бастап қателіктерді сараптай келе Қазақстанда жаңа АЭА-лар құру біртіндеп қолға алынды. Бүгінде еліміздің экономикасының түрлі секторында 10 АЭА жұмыс істеп тұр. Олар химия мен мұнай химиясы, металлургиялық өнеркәсіп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, тігін өнеркәсібі, логистика, машина жасау сынды салаларды қамтиды. Іс жүзінде, бұл АЭА-лардың барлығы да өз инфрақұрылымдарын дамытып, жаңа қатысушыларды тарта отырып, белсенді жұмыс істеуде. Біздің еліміз үшін инвестиция тартудың АЭА сынды мұндай тетігін дамыту зор мәнге ие. Өйткені, АЭА жаңа жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымдар мен жаңа технологияларды дамытуды жеделдетуге, сонымен қатар әлемдік нарықтағы Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға өз жәрдемін тигізетін болады.

- Қазақстан Республикасының Үдемелі индустри ялық -инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығын жүз е ге асыруға АЭА қызметінің негізгі нәтижелері қалай әсер етті?

- Менің пайымымша, ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы Қазақстандағы АЭА-ның дамуының белгілі бір деңгейдегі жаңа кезеңі болған сияқты. Атап айтар болсақ, ҮИИД МБ жүзеге асырылған кезең ішінде барлық АЭА-лар айтарлықтай қаржылай қолдауға ие болды. Бұл АЭА-лардың қарқынды дами түсуіне септігін тигізді. Осы уақыт аралығында «Сарыарқа», «Павлодар», «Тараз Химпаркі», «Қорғас-Шығыс қақпасы» сынды 4 жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды.

Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған 5 жылдың ішінде арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымына 143,8 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік инвестиция салынды. Ал 2001-2009 жылдары аралығындағы мемлекеттік инвестицияның көлемі 66 млрд. теңгені ғана құраған болатын. Инвестицияның құйылуы инвесторлардың белсенді бола түсуіне де оң әсер бергені сөзсіз. ҮИИД МБ жүзеге асырылған жылдар ішінде жобаларға 336 млрд. теңге тартылды, өндіріс көлемі 678 млрд. теңгені құрады. Ал жұмыс орындары 7433-ке дейін артты. Дәл осы көрсеткіштерді 2001-2009 жылдардағы деректермен салыстырар болсақ, сәйкесінше ол 43 млрд., 139 млрд. және 1616 жаңа жұмыс орындарын құраған еді.

- Отандық АЭА-лардың қызметін жетілдіруге қатысты қандай да бір заңнамалық бастамалар бар ма?

- Иә, ондай ұсыныстар түсіп жатыр. Барлық тараптың мүддесін барынша ескеру үшін заңнаманы тұрақты жетілдіріп отыру қажет. Қазіргі уақытта Қазақстандағы АЭА қызметі 2011 жылдың 21 шілдесінде қабылданған «Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтары туралы» Заңымен реттеледі. Аталған Заң АЭА құру мен оның қызметінің негізгі аспектілерін қарастырады. Дегенмен, қазақстандық АЭА-лардың қызметін жетілдіру, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және АЭА-ларды басқару органдарының өкілеттігін кеңейту мақсатында қолданыстағы заңнаманы жаңарту қажеттігі туындады. Осыған орай «АЭА-ларды жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді. Ол қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр. Бұған қоса, заңнаманы жетілдіру тұрақты негізде жүзеге асырылуына атап өткен жөн. Өйткені, нарық өзгеріп, жіберілген қателіктер ескеріледі, тәжірибе жинақталады.

- Инвесторлар үшін АЭА тартымдылығының басты шарты инфрақұрылымның болуы. Осы ретте Қазақстандағы АЭА-лардың инфрақұрылымы қандай жағдайда?

- Бүгінгі күні «Бурабай», «Оңтүстік», «Сарыарқа», «Ақтау теңіз айлағы» АЭА 2-ші субаймағының, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА мен «Астана - жаңа қала» АЭА №1 Индустриялық паркінің бірінші кезектерінің инфрақұрылымын салу толығымен аяқталды. 2016-2017 жылдары «Қорғас - Шығыс қақпасы», «Инновациялық технологиялар паркі», «Астана - жаңа қала» және «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймақтарының инфрақұрылымдарының құрылысы аяқталады. Химиялық және мұнай-химиялық сала нысандарының бірегейлігіне байланысты «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» мен «Павлодар» арнайы экономикалық аймақтарының инфрақұрылымдарын 2018-2019 жылдары толығымен салып бітіру жоспарланып отыр. Осылайша, 2020 жылға дейін жұмыс істеп тұрған барлық АЭА-лардың инфрақұрылымын қалыптастыру аяқталатын болады. Айта кетерлігі, 2015 жылы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы аясында Мемлекет басшысы «Қорғас - Шығыс қақпасы» және «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақтарының инфрақұрылымдарының құрылысына қосымша 81 млрд. теңге бөлуді тапсырған болатын.

- АЭА-ларды дамытудың маңызды аспектілерінің бірі оны басқару екендігі белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

- Қазақстанда әрбір АЭА үшін басқару органы жұмыс істейді. Олар АЭА қатысушыларына жан-жақты қолдау және қызмет көрсетуді қамтитын жұмыстарды жүзеге асырады. Мұндай аймақтарды басқару біздің республикамыз үшін жаңа қызмет екенін ескерер болсақ, елімізде әзірше АЭА-ларды басқаруда тәжірибе жоқ деуге де болады. Осыған орай АЭА-ның операциялық қызметтерін жетілдіру әрі оларды басқарудың халықаралық стандарттарына сай келтіру мақсатында «KAZNEX INVEST» АҚ-ның қолдауымен Сингапурдың, БАӘ-нің, Қытай мен Түркияның және басқа да елдердің халықаралық компаниялары тартылуда.

- Бүгінгі күні отандық АЭА-лардың қызметі арқасында қандай нәтижелерге қол жеткізіліп отыр?

- АЭА аясында шетелдік инвесторларға бизнесін дамыту үшін қолайлы салықтық және кедендік режімдерді қамтитын тиімді жағдай жасалған. 2015 жылы АЭА-лар 375,5 млрд. теңге сомасында инвестиция тартып, 9230 жаңа жұмыс орнын құрды. 2001 жылдан бері өндірістің жиынтық көлемі 816,5 млрд. теңгені құрады. Бұл Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтардың дамуында оң динамика бар екендігін білдіреді. Бұған қоса, АЭА-лар аясында республикада электровоздар, локомотивтер, жолаушылар вагондары, ылғал жұтқыш мақта, мақта целлюлозасы, кілем бұйымдары, күйдіргіш сода сынды көптеген өнімдер шығарылады. АЭА-лардың аумағында қазіргі уақытта 136 жоба жұмыс істеп тұрса, тағы 90 жоба жүзеге асырылу алдында тұр. Бұлар ІТ-саласындағы шағын жобалармен қатар Talgo, Eurocopter, General еlectric, LG Chem сынды әлемдік компаниялардың қатысуымен қолға алынған ірі жобалар.

Толықтай алғанда, Қазақстандағы АЭА жүйесінің дамуын сараптау барысында толыққанды дамуы үшін бірнеше ондаған жылды сарп еткен әлемнің табысты АЭА-ларының тәжірибелерін де ескеру қажет. Осыған орай Қазақстан АЭА инфрақұрылымдарын салуға бағытталған қызметін жоспарлы жүзеге асыра отырып, заңнаманы жетілдіріп, сонымен бірге басқару органдары жұмысын жақсарту арқылы дұрыс жолда келе жатыр деуге болады. Дәл осы бағытта Үкіметтің даму институттарымен, оның ішінде «KAZNEX INVEST» АҚ-ымен үйлестірілген жұмысы жүргізілуде.

- Сұхбатыңызға рахмет!