Қазақстандық банк төртінші жыл қатарынан халықаралық«Euromoney» қаржылық басылымының марапатына ие болды

АЛМАТЫ. 1 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Euromoney» қаржылық басылымы «Қазақстан халық банкі» АҚ-ын «Қазақстандағы 2011 жылғы үздік банк» деп жариялап отыр.

Қазақстанның банк секторына талдау жүргізу кезінде сарапшылар банктің активтерінің өсімі, табыстылығы, стратегиялық қарым-қатынастардың даму деңгейі, клиенттерге қызмет көрсету аясы, бағалардың бәсекеге қабілеттігі мен инновациялық өнімдер деңгейі сияқты көрсеткіштерін ескерген.

Бұл - Халық банкінің биылғы жылы қол жеткізіп отырған үшінші халықаралық марапаты. Бұған дейін «Emeafinance» журналы «Europe Banking Awards 2010» аталымы бойынша «Global Finance» басылымы «World's Best Emerging Market Banks» аталымы бойынша «Қазақстандағы үздік банк» деп мойындаған болатын.

Жалпы «Euromoney» ай сайын шығарылатын беделді халықаралыққаржылық басылым саналады. Ол банктік қызмет, қаржыландыру және капитал нарығы саласы бойынша жұмыс жасайтын әлемдік ең ірі журналдың бірі болып табылады. 17 жылдан бері жарық көріп келе жатқан бұл басылым дүниежүзінің 100-ден астам еліндегі қаржылық мекемелерге, оның ішінде жетекші банктердің қызметіне баға беріп, марапаттаумен айналысады.