Қазақстандық футболшы қыздар Прагада Чемпиондар лигасындағы алғашқы қарымта кездесуін өткізеді

АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Алма-КТЖ-БИИК" әйелдер футболынан 2009/2010 жылғы Чемпиондар лигасының 1/16 кезеңін сәтті бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Чемпиондар лигасын биыл  бірден "плей-офф" кезеңінен бастаған алматылық футболшылар  алғашқы кездесуін қыркүйектің 30-ы күні Көкшетау қаласында өткізген болатын. Бұл ойында Борис Емелиннің шәкірттері  Д. Зовинец жаттықтыратын Чехияның "Спарта" командасынан 1:0 есебімен басым түсті. Онда биылғы ел чемпионатының ең үздік қорғаушысы атанған Мәдина Жанатаева ойынның 49-шы минутында өз командасына жеңіс сыйлады. Қарымта кездесу қазанның 7-сі күні Прагада өтеді. Биыл ел біріншілігінде қола жүлдегер атанған "Алма-КТЖ-БИИК" енді сырт алаңда да басым түссе, жарыстың келесі кезеңінде "Арсенал" (Англия) мен "ПАОК (Грекия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

 Алматылық футболшылар чехиялық футболшылармен ең алғаш рет 2005 жылы  кездесіп,   2:1 есебімен"Словия" командасын ұтқан еді. Одан кейін екі елдің аяқ допшылары  2007 жылы тағы 3 рет кездесіп, қазақстандықтар оның  екеуінде ұтып, біреуінде ғана жеңіліс тапты.  Қазақстандық қыздар  осы уақытқа дейін  чехиялықтармен болған 5 ойынның төртеуінде  өз басымдығын танытып отыр.