«Зияткерлік меншік саласында біз негізінен өзіміздің кез-келген алаңдарымызда, соның ішінде құқықты түсіндіру жұмыстары бойынша бизнеске көп басымдық береміз. Екінші жағынан «сатып ал да сат» - бұл аса күрделі әрі ауқымды жұмыс. Әрине, зияткерлік меншікке қатысты болғандықтан, бұл бағытта сауданың нысаны бойынша да жақсы жүзеге асатын мысалдар баршылық. Мәселен, біздің Қазақстанда әлемге әйгілі сыраның бір маркасы тіркелген, мен оның атын атамаймын, дегенмен осы марканы пайдаланатын біздің кәсіпкерлер осы марканы қолданғаны үшін жылына 6 млн. еуроны дәл осы тауар белгісінің құқықтық иегеріне төлеп отыр», - дейді министр Б.Имашев.
Бұл ретте ведомство басшысы зияткерлік меншік құқығын қорғау туралы мәселенің коммерциялық құрамына назар аудартып отыр.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан 1993 жылдан бастап Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қатысушысы болып табылады. Осы ұйымға мүше болу және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының 19 базалық халықаралық шартын ратификациялау ұлттық заңнаманы қабылданған міндеттемелерге, оның ішінде қазақстандық авторлардың және шетелдердегі құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау бөлігіндегі міндеттемелерге сәйкес үйлестіруге мүмкіндік берді.