18:02, 06 Сәуір 2009
Қазақстандық мөлшерді арттыру отандық бизнестің белсенділігіне жол ашады
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Соңғы уақытта «қазақстандық мөлшер» дүниесі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Әрине, бұл шара бүгінгі әлемдік дағдарыс жағдайында баса назар аударатын әрі нағыз тиімді әрекет екені айтпаса да түсінікті. Өйткені қазіргі күйзеліс кез-келген мемлекетті өз ішіндегі бизнесті дамытуға, сырттан алынатын тауарлардан гөрі,
өзінің дүниесін пайдалануға мәжбүрлеп отырғаны анық. Әлемнің азулы елдері экономикалық дағдарыспен бірлесіп күресеміз деп ниет танытқанымен де ең алдымен ішкі нарықты көтермесе, импортты шектеп, лаж болса, экспорттың бос кеңістігін толықтыруға ұмтылмаса, жағдайдың қайда апарып соғатынын біліп отыр. Бір ғана мысал ? экспорттық басымдық бойынша алдына жан салмай келген азиялық алпауыт Жапонияның бүгінгі хәлі осыны көрсетеді.
Өткен жылдың 9 айындағы қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімдегі отандық мөлшері 30 пайыздың ар жақ-бер жағында екен. Ал Бразилия, Малайзия, Норвегия, Ұлыбритания секілді мемлекеттерде жергілікті үлес салмағы 50-ден 80 пайызға дейін. Германияның отандық мөлшері 90 пайызды құраса, АҚШ-тікі 77 пайызға барып отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы өткен жылдың соңына таман Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Үкіметтің алдына Қазақстандағы отандық өнім мөлшері көлемін кемінде 50 пайызға дейін арттыру міндетін қойған болатын. Шындығында, Үкімет тарапынан қазақстандық мөлшерге басымдықты арттыру ісі бұдан ертерек қамданылып, дұрыс бетбұрыс жасалғанда дағдарыс салқыны да біршама елеусіз тұрар ма еді?! Тіпті басқасын айтпағанда, осы уақытқа дейін Қазақстан әскерилерінің мемлекеттік тапсырысындағы отандық мөлшерге де баса назар аударылуы тиіс болатын. Өйткені, өз әскерін тиісті дәрежеде қамсыздандыра алмаған, сарбаздарын өз елінің өнімімен дұрыс киіндіре алмаған мемлекеттің қорғаныс қабілеті де қаншалықты болатыны түсінікті. Қорғаныс министрлігі бұл тұрғыда әскери киім үлгісін шығаратын қазақстандық тауар өндірушілердің сапаға мән бермейтінін алдыға тартады. Киім тігуге пайдаланылатын қытайлық материалдардың сапасыздығынан қашады. Ал ондай шикізат шығаруға Қазақстанның өзінің де күші жетеді, бірақ қытайдікі арзан. Осы жағына назар аудармай келген сыңайлымыз. «Солдаттың керзісіндей жаны сірі» деп, ақын Қасым Аманжолов жырласа, сондай «керзі етіктердің» қазіргі түріне, оны «сүйрететін» әскерге қарап жаның ашитыны тағы бар. Әрине, арзан тауар шығарып, «көшіріп басу» ісінде әккіленген көрші қытаймен бәсекелес болу қиын екені рас. Бірақ, бәсекелестік құр бәсекелестік үшін емес, түптеп келгенде ұлттық экономиканың дамуы үшін болуы тиіс. Ал бәсекеден ұтамын деп қытайдан арзан материал алып, одан әскерге сапасыз киім тігіп, қазақстандық марка жапсырудың салдарын көзбен көріп отырмыз.
Дегенмен де, атқарушы биліктің ұстанған саясаты айқындалып, бұл бағыттағы шаралар бір ізге түсе бастады деп айтуға келеді. Президенттің Жарлығы шығып, онда барлық мемлекеттік сатып алу және қызмет көрсету ауқымындағы Үкіметтің атқаратын міндеті нақтыланды. Үкімет бұл бағытта мемлекеттік органдардың, ұлттық компания¬лардың, жер қойнауындағы қазба байлығын игерушілердің және жүйе құраушы ұйымдардың сатып алу шараларындағы қазақстандық мөлшердің басымдығына қатаң бақылауды жүзеге асыратын болып отыр. Отандық кәсіпорындарға ғана емес, елімізде қызмет ететін шетелдік компанияларға да қазақстандық мөлшер мәселесі тіке қойылуда. Өйткені бүгінгі дейін, Қазақстандағы табиғатты пайдаланушылар аясында 887 келісімшарттар жасалса, бұлардың 503-інде сатып алудағы қазақстандық мөлшер міндеттемесі көрсетілмеген екен. Табиғатты пайдалану секторындағы тауарлар мен қызметтерді сатып алу 8-9 млрд. долларды құрайтынын ескерсек, ондағы қазақстандық мөлшер бар-жоғы 10 пайызға жуық ғана. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында түрлі меморандумдар жасалып отырғаны белгілі. Ендігі күні қол қойылған меморандум талаптарын орындау жіті қадағалауға алынатын болады. Мәселен, Вице-премьер Серік Ахметов барлық меморандумдардың арнайы реестрге енгізілгенін айтып: «Жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған бұл құжаттың заңдық күші жоқ деп ойлауға әсте болмайды. Ендігі күні бұған қол қойған барлық компания Үкімет алдында жауапты болады», - деп атап көрсетті.
Десе де, бұл мақсаттағы шаралар әлі де қыруар жұмыстардың атқарылуын қажет етеді. Ең алдымен әрбір сала бойынша қазақстандық мөлшер көлемі нақты анықталып, импортқа тәуелді болып отырған қызмет түрлерінен бастап, өндіріске дейінгі зерттеулер терең қамтылуы шарт. Бұндай зерттеулер отандық өнеркәсіптің ішкі нарық сұранысын қанағаттандыруға қаншалықты тартылғанын көрсетіп қана қоймай, өндірістік, қызмет көрсету мен басқа да салаларды дамыту жоспарын құруға мүмкіндік беретін еді. Сонымен бірге, бүгінгі күні Қазақстанда қай салада нақты қаншалықты тауар шығарылатыны және шығару мүмкіндігі, оның нақты пайдалану есебі анықталып, осал тұстың кем-кетігін толтыруға бетбұрыс жасалуы қажет. Ал Қазақстанда шығару мүмкін болмайтын тауарларға шетелдік тапсырыс беру ісімен тікелей мемлекетке қарасты компаниялар айналысса игі. Өйткені кейбір кәсіпорындар, олардың ішінде әсіресе шетелдік компаниялар қызмет көрсету делдалдығын көбінесе өздерінің қол астынан құрылған фирмалары арқылы жүзеге асырады. Болмаса, сыбайлас жемқорлыққа жол береді. Нәтижесінде, қыруар қаржы сол фирмалардың қазынасына құйылады, ал бұның ішінде мемлекеттік тапсырыстың да едәуір болатыны белгілі.
Дағдарыс кезеңінде Үкімет отандық өнім өндірушілерді қолдаудың барлық мүмкін болатын жағдайын жасауды қолға алып отыр. Оның ішінде қазақстандық маркасы бар өнім¬дердің экономикамыздың барлық салаларында кеңінен пайдаланылуына үкіметтік қолдаулар да күшейіп келеді. Өткен аптадағы Мәжіліс отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осы мәселеге арнайы тоқталып өткен болатын. «Жалпы, шағын және орта бизнесті қолдауға, нақты өндірісті дамытуға қатысты көп әңгімелер айтылуда. Ендігі күні бұндай шаралар бір ғана бағытта өрбиді. Атап айтқанда, егер шағын және орта бизнес Қазақстанда нақты өнім өндіруге құлшыныс білдіріп, сол өнімді «қолмен ұстап, көзбен көруге» болатын болса, онда бұндай өндіріске мемлекеттік қолдау барынша жасалады. Ал егер қап-қап тауарларды шетелден тасып, отандық тауар өндіру мүмкіндігіне кедергі келтіретін болса, ондай бизнеске мемлекет ешқашан да көмек бермейді. Бұл біздің экономикалық саясаттың қағидатты мәселесіне айналып отыр», деді К. Мәсімов. Бұл да күйзелістен шымыр болып, жаңарып шығудың бір талпынысы.