Қазақстандық парламентшілер НАТО ПА сессиясына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасының орынбасары Абай Тасболатов бастаған қазақстандық парламенттік делегация Норвегияның Ставангер қаласында өткен НАТО Парламенттік Ассамблеясының 61-сессиясына қатысты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

НАТО-ға мүше 28 мемлекеттерден келген үш жүзден астам парламентшілер, Ұйымның әріптес-мемлекеттерінен келген делегаттар мен бақылаушылар екі күндік басқосуды әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқыға салды. Атап айтқанда, сессия барысында Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы дағдарыс, Ресеймен қарым-қатынас, босқындар жайы сынды басқа да халықаралық қауіпсіздік төңірегіндегі өзекті мәселелер сөз болды.

«Сонымен қатар, Парламенттік Ассамблея комитеттерінің отырыстары өткізіліп, онда саяси ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік, ғылым мен технология, азаматтық және экономикалық қауіпсіздік мәселелері әңгіме өзегіне айналды», - делінген баспасөз баянында.