Қазақстандық сақшының қырағылығы арқасында шекара бұзушы Өзбекстан аумағында қолға түсті
ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасының Сарыағаш шекара отрядында (қазақ - өзбек шекарасы), екі елдің арасындағы бірігіп күзетілетін аумақта қазақстандық шекарашының қырағылық танытып, дер кезінде хабар беруінің арқасында шекара бұзушы Өзбекстан аумағында қолға түсті.
Айта кету керек, бұл аумақтың күзеті екі ел арасында жоспарлы түрде өзара бірігіп жүзеге асырылады.
Кеше сағат 16.55-те «Сарыағаш» шекара заставасынан 6 шақырым қашықтықта, «Ақ көпір» аумағында тұрған шекара сақшысының қырағы көзі елімізден Өзбекстанға қарай жүйткіп бара жатқан жүк пойызының вагондарының арасында жасырынған белгісіз адамды қалт жібермеді. Шекарашы бірден радиостанса арқылы заставаға хабар беріп, әрі қарай өзбек жағы да дер кезінде құлақтандырылды. Екі жақты жедел ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесінде Мемлекеттік шекараны бұзушы Өзбекстан аумағында бар-жоғы 15 минуттың ішінде қолға түсті.