ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық спортшылар Ресейдің Кстово қаласында самбодан «КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы М.Бурдиковтың мемориалы» халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров 57 кг салмақта ресейлік Артем Щербаковқа ғана жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Ал Нұрбол Серіков 68 кг салмақта үшінші орынға көтерілді. Палуандарды ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райымбек Меңдіғалиев дайындап апарды.
Айта кетейік, сонымен қатар осы жарыста Қазақстаннан барған Бейімбет Қанжанов (52 кг) пен Зере Бектасқызы (72 кг) да күміс медальді иеленсе, Ерасыл Қажыбаев ( 100 кг) қола жүлдені еншіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).