Қазақстандық Серік Сәпиев Ташкенттегі халықаралық турнирдің жартылай финалына шықты

ТАШКЕНТ. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Қазақстандық боксшы Серік Сәпиев Ташкентте өтіп жатқан халықаралық турнирдің жартылай финалына шықты.

Сейсенбі, мамырдың 18-інде Серік Сәпиев (69 келі) өзінің өзбек қарсыласы Гайрат Ергашевті үш рет нокдаунға жіберіп, 10:0 есебімен айқын жеңіске жеткен болатын.

Қазақстандық боксшылар Біржан Жақыпов, Мирас Жақыпов, Самат Башенов және Данияр Елеусінов, ұпай саны бойынша өзбекстандық қарсыластарына есе жіберіп, награда үшін жарыстардан шығып қалды.

Бүгін, мамырдың 19-ында өтетін жартылай финалдық жекпе-жектерге қазақстандық үш боксшы: Серік Сәпиев (69 келі), Данияр Үстембаев (91 келі) және Руслан Мырсатаев (91 келіден жоғары) шығады.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Ташкентте өтіп жатқан Өзбекстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сидней Джаксонды еске алуға арналған бокстан халықаралық турниріне әлемнің 7 елінен 100-ден аса спортшы қатысуда.