Қазақстандық спортшылар жабық кешендегі ІІІ Азия ойындарында бейресми командалық есепте үздік үштіктің қатарынан орын тепті

Ы. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Вьетнамның Ханой қаласында  жалауын түсірген жабық кешендегі ІІІ Азия ойындарында қазақстандық спортшылар 21 алтын, 16 күміс және 21 қола медаль жеңіп алды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

         Қазанның 30-ы күні басталған бұл байрақты бәсекеге Азияның 45 елінен командалар қатысқан болатын. Онда ел намысын спорттың 11 түрі бойынша 83 спортшы қорғады. Бейресми командалық есепте 48 алтын, 30 күміс және 22 қола медальмен Қытай елі үздік шықты. Олардан 5 күміс, 3 қола медалі артық болғанымен 2 алтыны кем шыққан жарыс қожайындары екінші орынға ие болды.  Ал өздері қатысқан 11 спорт түрінің 10-да жалпы жиыны 58 медаль олжалаған Қазақстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

 Көршілес  елдерден жарыс кестесінде өзбекстандықтар  5 алтын, 9 күміс, 10 қоламен - 10-шы, тәжікстандықтар 1 күміспен - 31-ші, қырғызстандықтар 1 қоламен 32-ші орынға табан тіреді.

 Ел қоржынына  Олег Вагизов жаттықтыратын жүзгіштер 10 алтын, 9 күміс, 8 қола, ал Вячеслав Сокиркодан тәлім алған  жеңіл атлеттер 6 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль салды. Олардың ішінде жүзуден Владислав Поляков пен Станислав Кузьмин үш рет, Анастасия Прилепа мен ұзындыққа секіруші Ольга Рыпакова екі рет жеңістің ең жоғары тұғырына көтерілу бақытына ие болды.