Қазақстандық спортшылар жағажай волейболынан Норвегияда өтіп жатқан Әлем чемпионатында алғашқы екі кездесуді сәтсіз өткізді

АЛМАТЫ. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық спортшылар жағажай волейболынан Норвегияда өтіп жатқан Әлем чемпионатында алғашқы екі кездесуін сәтсіз өткізді,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ставангер қаласында маусымның 26-сы күні жалауын көтерген бұл Әлем чемпионатына жерлестеріміз биыл тұңғыш рет  қатысуда. Онда Алексей Кулинич пен Александр Дьяченко өз тобындағы алғашқы кездесуін маусымның 27-і күні әлем чемпионы саналатын бразилиялық  Marcio Araujo мен Fabio Luiz жұбымен өткізіп, 0:2 есебімен ұтылып қалған еді. Кеше екінші кездесуінде  испандықтарға да дәл  осындай есеппен есе жіберді.   Енді олар шілденің 1-інде үшінші кездесуін швейцарлықтармен өткізбек.  Әлемдік рейтингте испандықтар - 15, швейцарлықтар - 34, ал қазақстандықтар 38-ші сатыда тұр. Егер Әлем чемпионатында бақ сынап жатқан үздік 48-дің қатарына биыл алғаш еніп отырған Владимир Юдаков жаттықтыратын біздің команда бұл сайысты сәтті өткізсе,  өз тобында үшінші орын алмақ. Бұл дүбірлі доданың ақтық сыны шілденің 6-сында болады.