Қазақстандық теннисші Юрий Щукин Хорватиядағы Challenger Zagreb Open-2010 турнирінің жеңімпазы атанды

АСТАНА. Мамырдың 17-і. ҚазАқпарат - Хорватиядан жағымды жаңалық келіп түсті. Қазақстандық теннисші Юрий Щукин АТР сериялы Challenger Zagreb Open-2010 турнирінің жеңімпазы атанды.

Спортшы турнирдің ақшалай сыйлығы - 50 000 АҚШ долларын алып қана қоймай, сондай-ақ АТР жаңа рейтингісіне шықты. Юрий Щукин АРТ рейтингісінде 194-орында болған, деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі.

Жекелей финалда біздің спортшы испандық Сантьяго Вентуромен кездесті (АРТ ретингісінде 137-ші орын). Ойын қорытындысы - 6:3, 7:5. Бірінші матчта Юрий Щукин 7:6, 1:6, 6:1 есебімен Сомдева Девварманды жеңді (АРТ ретингісінде 109-шы орын). Артынша қазақстандық спортшы ресейлік Андрей Кузнецовты (АРТ ретингісінде 265-ші орын) ойыннан шығарды, есеп - 6:4, 6:1.

¼ финалда Ю. Щукин Словениядан келген Блаз Кавчичтен (АРТ рейтингісі бойынша 101-ші орын) бірінші партияда 6:7 есебімен ұтылса, қалған екі ойында басымдық қазақстандық спортшы жағында болды, есеп - 6:3, 7:5.

Жартылай финалда қазақстандық теннисші бразилиялық Маркос Даниэлді (АРТ ретингісі бойынша 91-ші орында тұрған) 6:1,6:3 есебімен жеңді.