АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер жұптық сында АҚШ-тағы Майами мастерс турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның әйелдер арасында жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина америкалық Эйжа Мухаммадпен бірге алғашқы кездесуін испаниялық Паула Бадоса – тунистік Онс Жабермен өткізді.
Қазақстандық-америкалық жұп 1 сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстанның ерлер арасында жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик сербиялық Миомир Кецмановичпен бірге аргентиналықтар Педро Качин – Франсиско Черундолодан 6:3, 6:3 есебімен айласын асырды.
Сөйтіп, қазақстандық-сербиялық жұп екінші айналымға өтті.
Қазақстандық теннисшілердің екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.
Жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған Майами додасы 2 сәуірде мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу кезеңінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).