КИЕВ. ҚазАқпарат - Қазақстандық Дана Бәйдәулет Украинада өткен 18 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы әлемдік серияның ITF Juniors турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Д.Бәйдәулет финалда корт иесі, осы доданың 5-ракеткасы Дарья Есипчукпен кездесті.
Қазақстандық теннисші 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Кеше Д.Бәйдәулет жұптық сында литвалық Ума Бакайтитемен бірге аса тартысты матчта украиналықтар Катерина Лазаренко - Анита Сагдиеваны 4:6, 6:3, 10:5 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша Д.Бәйдеулет жекелей және жұптық сында үздік шығып, абсолютті чемпион атанды. Ол биылғы маусымда бұған дейін де бір рет финалға шыққан болатын.
Дана Бәйдәулет жарыс барысында қарсыластарына бірде-бір сет бермегенін, алдағы уақытта да шеберлігін жетілдіруге бар күшін салатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Истбурн турнирінің финалына шыға алмай қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).