«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шыққаннан кейін біз осындай жобаны қолға алдық. Бұл жобада отандық телеарналармен қатар АҚШ, Германия, Канада және Францияның мамандары бірлесіп жұмыс істейді. Қазақстанның аумағында, атап айтқанда Ботай мәдениеті болған жерде жылқы алғаш рет қолға үйретілгені туралы деректі ғалымдар дәлелдеді. Біздің ата-бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп, осы өңірде өркениеттің көшін бастаған. Сондықтан біз бұл мұрамызды күллі әлемге көрсетуіміз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бізге тек табиғатымызды ғана емес, мұрамызды да насихаттау қажеттігін атап айтты. Өздеріңіз көргендей, мұрамызды насихаттауға ұмтылып жатырмыз. Жұмысты енді бастаймыз»,- деп мәлімдеді министр Дәурен Абаев. Оның айтуынша, үлкен ғылыми жобаны 50 мемлекет сатып алуға дайын көрінеді.
Археология профессоры Виктор Зайберт шетел ғалымдарының қазақ жерінде жылқының қалай алғаш қолға үйретілгенін дәлелдейтін деректер келтірді. «Негізі, бұл дерек 1980 жылы дәлелденді. Соңғы 15 жылда біз Ресей, Германия, Ұлыбритания және АҚШ архелогтарымен бірлесіп, жұмыс істеп келеміз. Зерттеулер нәтижесінде аса маңызды артефактілер анықталды. Барлығы дерлік жылқының қолға үйретілуімен байланысты. Мысалы, қазба жұмыстары кезінде айғырларды піштірген пышақтар, ат әбзелдері, жүген табылды. Америкалық және ағылшын ғалымдары ауыздық салынған аттың тісінің қажалғанын микроскоппен көріп, анықтады. Ең маңызды дәлелдердің бірі - қымыздың молекулаларынан қыштың анықталуы. Мұны Бристоль университетінің ғалымдары тапты. Демек 6 мың жыл бұрын осы жерде өмір сүрген адамдар қымыз ішіп, жылқыны қолға үйреткен»,-деп түсіндірді археология профессоры.
В. Зайберттің айтуынша, сол кездегі адамдар жылқылардың 10 пайызын ерттеп мініп, қалған үйірлерді бақылаған. Жылқыны қолға үйретудің басты себебі - осы. Ол Ботай жылқысы қазіргі заманғы көптеген жылқы тұқымдарының атасы екені дәлелденгенін хабарлады. «Өткен жылы жылқының сүйектеріне генетикалық зерттеулер жүргізіп, қазіргі кездегі көптеген асыл тұқымды жылқылардың негізін сонау Ботай жылқысынан алатынын анықтадық. Мысалы, Пржевальский жылқысы Ботай жылқысының тікелей мұрагері болып табылады. Бұл процесс тоқтаусыз жүріп жатыр. Менің ойымша, осы бағытта әлі талай жаңалықтар болатыны сөзсіз»,- деп сөзін аяқтады профессор.
Фильмді түсіру алаңында мәлім болғанындай, трилогияны әйгілі канадалық режиссер Найоби Томпсонның жетекшілігімен шетелдік киногерлер түсіреді. Бұған қоса, тың жобаны іске асыруға отандық кәсіби мамандар - реквизиторлар, суретшілер, каскадерлер мен кино түсірушілер қатысады. Продюсері - қазақстандық Нұрбол Баймұқанов. 2018 жылдың қазан айында көрермендерге ұсынылатын деректі туындыны 4К форматында әлемнің 50 елінде көрсету жоспарланып отыр.