Қазақстандықтардың саяси белсенділігі артып келеді - ОСК мүшесі Л. Сүлеймен

АНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Осы күндері Президенттікке кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен айналысуда. Бұл жұмыстардың қалай жүргізілетіндігі туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнен сұрап-білген едік.

- Ләззат Жаңылысқызы! Мемлекет басшысы алдағы сайлауды таза, ашық әрі әділ өткізу қажеттігін айтып, құзырлы органдарға осы мәселені қатаң қадағалауды тапсырды. Орталық сайлау комиссиясы сайлауды әділ өткізу үшін қандай шаралар атқаруда?

- Үстіміздегі жылғы 3 наурыздан бастап кезектен тыс Президент сайлауына қатысатын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу науқаны басталды. Бұл өте маңызды кезең. Жалпы «ҚР Сайлау туралы» заңында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің тәртібі, бұған жұмсалатын қаржы шығындары, барлығы толық көрсетілген. Бұл бағыттағы жұмыстар, әрине, ашық әрі жариялы болуы керек. Ең бастысы, ол заңға сай жүргізілуі қажет. Кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын негізгі үш бағытта жүргізе алады. Бірінші, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін жұмыстар. Екіншіден, кандидаттар сайлаушылармен тікелей кездесулер өткізу арқылы оларды өздеріне дауыс беруге шақыра алады. Үшіншіден, кандидаттар әртүрлі символикалар шығарып, таратуға құқылы. Осы шаралардың барлығының ақысы төленген болуы керек және ақпарат құралдарында жарияланған әрбір материалдың қанша көлемде болғаны, оған қанша қаржы төленгені нақты көрсетілуі тиіс. Осы ретте айта кетейік, кандидаттардың өздерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттаудың екі жолы бар. Біріншіден, олар алдын ала құрылған сайлау қорларының қаржысын пайдаланып, насихат жүргізе алады. Бұдан бөлек олардың ақпарат құралдарында өздерін насихаттауы үшін мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктер бар. Ол кепілдіктерге сәйкес, әрбір кандидатқа 6 миллион 300 мың теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл ретте мемлекет кандидаттарға теңдей кепілдік беретіндігін атап өткен жөн.

- Президенттікке кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде өздерінің сайлау қорларының мүмкіндіктерін пайдалана ала ма? Жалпы сайлау қорларын пайдаланудың тәртібі қалай?

- Кандидаттың сайлау қоры үш негізде құрылады. Біріншіден қор кандидаттың жеке қаржысының есебінен құрылады. Екіншіден кандидаттысайлауға саяси партия ұсынған болса, сол саяси партия бөлген қаржының, үшіншіден азаматтардың ерікті түрде берген қайрымдылық қаржысының негізінде құрылады. Бұл қордағы қаржының мөлшері 432 миллион теңге шамасында болуы тиіс. Қор арқылы бөлінген қаржыны Президенттікке кандидат үгіт-насихат жұмыстары барысында толық пайдалана алады. Айталық, кандидат өздерінің сайлауалды қорының қаржысын пайдаланып ақпарат құралдарының бетінде мақалалалар жариялай алады және өзге де сайлауалды шараларын өткізуге құқылы. Қордың кіріс-шығыстары Орталық сайлау комиссиясының бақылауында болады. Оның әрбір тиынына байланысты шығыстар сайлау біткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Осы орайда мен мынадай мәселені ескерте кетейін: кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде дауыстарды сатып алу деген сияқты қандай да бір заң бұзушылықтарға жол беретін болса, Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жоя алады.

- Сайлау қорларын кезектен тыс Президенттік сайлауға түсетін кандидаттардың қайсысы құра алды?

- Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары енді ғана басталды. Осы уақытта кандидаттардың ішінде тек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана сайлау қоры бар. Ал өзге кандидаттардың қор құрғандығы жөнінде әзірге ешқандай мәлімет жоқ.

- Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруына байланысты қандай да бір өзгерістер бар ма?

- Үгіт-насихат жұмыстарына байланысты бұл жолы ешқандай өзгерістер жоқ. Барлық шаралар бұрынғы тәртіппен жүргізіледі. 3 наурызда басталған үгіт жұмыстары сайлауға 2 күн қалғанда, яғни 1 сәуір күні түнгі сағат 24-00-де аяқталады.

-Шет мемлекеттер, оның ішінде халықаралық ұйымдар Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауын бақылауға қаншалықты қызығушылық танытып отыр?

- Қазақстан қазір әлемге танымал мемлекет. Кеше ғана дүние жүзіндегі ең беделді ұйымдардың бірі - ЕҚЫҰ-ны басқарып, оның 11 жыл бойы өткізілмеген Саммитін ұйымдастырды. Ал биыл 57 мемлекет мүше Ислам конференциясы ұйымының тізгінін ұстағалы отыр. Осындай жетістіктердің нәтижесі ғой деп ойлаймын, еліміздегі сайлау үдерістері жөнінде білгісі келетіндер өте көп. Қазіргі таңда ОСК-да кезектен тыс Президент сайлауын бақылау үшін барлығы 74 байқаушы тіркелді. Оның 44-і ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның миссиясынан. Сондай-ақ ТМД-ның Парламенттік Ассамблеясы мен аталмыш ұйымның миссиясынан 12, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан 2 және шет мемлекеттерден 14 байқаушы, Халықаралық республикалық институтттан 2 байқаушы тіркелген.

Алдағы уақытта ТМД-дан 400-ден астам, ЕҚЫҰ-дан 436 байқаушы келеді деп күтіп отырмыз. Бұдан өзге шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері бар. Өткен сайлауда байқаушылар саны 1 мың 600-ден асқан болатын. Бұл жолы да одан кем болмайды деген ойдамын.

- Орталық сайлау комиссиясында ұзақ жылдар қызмет етіп келесіз. Бірнеше Президент сайлауының куәгері болдыңыз. Өткен сайлаулардан қандай ой түйдіңіз?

- Сайлаулардың барлығын бақылап, қарап отырсаңыз саяси технологиялар уақыт өткен сайын дамып, күрделеніп келеді. Елдегі әрбір саяси процеске деген азаматтардың көзқарастары да әралуан. Бұл халықтың саяси сауатының артып, елдегі саяси процестерге деген белсенділігінің жетіліп келе жатқандығының нәтижесі деп білемін. Бұл демократияға, өркениетті қоғамға деген ұмтылыс десек артық айтқандық емес.

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет !