Қазақстанға 150 млн. доллар төлеп, ғарышқа ғарышкер аттандыру қажет пе?

АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Адамзат баласының бірнеше мыңдаған жылдар бойы зеңгір көкке телміріп, ғарыш әлемін бағындыруға талпынысының орындалғанына да жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Сол кезеңде Қазақ даласында бой көтерген Байқоңыр ғарыш айлағы бүгінде талай ғарышкерді шексіз кеңістікке аттандырды. Олардың қатарында қазақтың екі баласы да ғарышта болып қайтты. Дегенмен, соңғы жылдардың ішінде Байқоңырдай ғарыш айлағымыз бола тұра, қазақтың ішінен тағы да бір ғарышкердің әлі күнге шықпай жүргендігі қоғам арасында талқыда жүрген мәселердің бірі болатын.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков бұл жайттың басын ашып берді.

«Екі қиындық бар. Біріншісі, ол ғарыштағы халықаралық стансаға біздің еш қатысымыз жоқ. Оны жасауды қаржыландыруға біз қатысқан жоқпыз. Оған ешқандай құқымыз да жоқ. Сондықтан, біз тек қана сол ғарыш стансасын жасаған елдерге барып, олардың мүмкіндіктерін пайдалану үшін өтініш жасауға құқымыз бар. Ал бұл өтініштерімізге Еуропа елдері, Америка келісім бергісі келмеді. Бірақ, Ресей бізге ұшыруға келісім берген еді. Алайда, бұған дейін ғарышкерлеріміз тегін ұшырылса, қазіргі уақытта олардың өздері ғарышкерлерін ұшыру үшін көп қаражат жұмсап жатқандықтан, оның орнын толтыру үшін ақша сұрады. Біз есептеп қарағанда, бір ғарышкердің ұшуы бұрынғыдай 8 күн емес кемінде 4 немесе 6 айға созылып, 150 млн. АҚШ долларына жетті», - деді ол.

М.Молдабековтің атап өтуінше, солтүстіктегі алпауыт көршімізбен осындай уағдаластықтың болғанына қарамастан қазақ ғарышкерінің ғарыш кеңістігіне көтерілуіне әлі де толық мүмкіншілігі жоқ. Өйткені, халықаралық ғарыш стансасына Ресейдің «Союз» аппараты ғана ұшырылады. Ал онда небәрі үш-ақ орын бар. Оның бірі ғарыш кемесінің командирі міндетін атқаратын Ресей ғарышкеріне тиесілі болса, қалған екі орын Америка мен Еуропа қауымдастығына тиесілі. Ал мұндай жағдайда, қазақ ғарышкеріне кезектің келе қоюы да неғайбыл сияқты.

«Ал екінші қиындық, біз намысқа тисе де ойлануымыз керек. Сол ғарышкердің 150 млн. доллар төлеп, ғарышқа ұшқаны қажет пе өзі?» - деген ол ғарышқа ұшудың нақты себептеріне де кеңінен тоқталды.

Агенттік төрағасының орынбасары атап өткен бірінші себеп, басқа мемлекеттер өздерінде жасалған ғарыштық техникаларды ғарыштық жағдайда сынақтан өткізу, сапасын тексеру үшін ғарышкерін аттандыруға мүдделі. Ал бізде ғарыштық өндіріс әлі іске қосылған жоқ. Енді ғана қолға алынған ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені тек 2015 жылы ғана іске қосылады. Аталған кәсіпорын әр түрлі мақсаттағы, нақты айтқанда байланыс жерсерігін, жерді қашықтан зондтау жерсерігін, ғылыми-технологиялық жерсеріктер жасайтын болады. Демек, ғарышта сынауға дайын техника жасамай көк кеңістігін бағындырудың еш қажеті жоқ екендігі түсінікті.

«Екіншіден, ғарышкер ғылыми зерттеулер жасау үшін ұшырылады. Ал біз ғалымдарымыздың өткіземіз деген эксперименттерін зерттеп қарасақ, халықаралық ғарыш стансада оларды сынақтан өткізетін зертханалық құрылғылар жоқ екен. Сондықтан ол ғарышкерді ұшырар алдында, сол қажетті құрылымдарды жіберуіміз керек. Ол да қосымша ақшаға келіп тиеді», - деді ол.

М.Молдабековтің алға тартқан үшінші себебі, ғарышқа ғарышкерін аттандырған кез келген ел мұндай қадамға ақылды, білімді, парасатты, денсаулығы мықты азаматтарының бар екендігін паш ету үшін ғана барады. Ал қазақ елі Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде өз халқының ұландарының мықты екендігін 2 рет дәлелдеп үлгерген еді.

«Сонда біз қазір не үшін 150 млн. доллар жұмсап, ұшыруымыз керек. Қазір біз бұл ақшаға зауыт салып жатырмыз. Яғни, экономикаға қайсысы тиімді екенін ойлану керек»,- деді ол.