Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз: Президент қазіргі әлемдік ахуалға тоқталды

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ғалымдарымен бүгінгі кездесуінде қазіргі әлемдік ахуалға тоқталды.

— Көптеген сарапшылар дүние жүзі кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді. Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы «тариф майданын» ашқан соң өндіріс пен сауда тізбегінің бұзылғаны, нарықтардың құлдырап, шикізат бағамының тұрақсыздана бастағаны байқалады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз, — деді Президент.

Ол қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз екенін алға тартты.

— Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз. Алайда дүрлігуге себеп жоқ екеніне сенімдімін. Біз сын-қатерлердің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз. Сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалына қарамастан дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалады. Кеше Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл жоспарын шұғыл аяқтауды тапсырдым. Бұл қадам өсім қарқыны мен инвестиция көлемін төмендетпеуді көздейді, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде инвестиция үшін күрес үдеді.

— Сондықтан әбжіл қимылдауға тиіспіз. Біз барлық сын-қатерге дайын болғанымыз жөн. Жұмыстың бәрін байыппен әрі сенімді түрде атқару керек. Өздеріңізге белгілі, дағдарыстың да өз қайыры бар. Ол басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетінің бар-жоғын айқындап береді. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сыртқы ахуал түбегейлі өзгерген кезеңде ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін мұның маңызы зор, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Президент мемлекеттің ғылымды дамыту үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.