Қазақстанға контрабандалық жолмен әкелінетін тауарлардың жолын кесу жұмыстары көңіл көншітпейді - Есеп комитеті

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Контрабандалық жолмен әкелінетін тауарлардың жолын кесу мардымсыз.

Бүгін Мәжілісте 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша баяндама жасаған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті.

«Республикамызға контрабандалық жолмен әкелінетін тауарлардың жолын кесуге байланысты құқық қолдану практикасы көңіл көншітпейді. Әсіресе, Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменттеріндегі ахуал мәз емес. Мәселен, 2010-2011 жылдары аталған департаменттер Қытай тауарларын контрабандалық жолмен әкелу бойынша бар болғаны бір ғана қылмыстық іс қозғады», - деді О. Өксікбаев.