Қазақстанға көшіп келу қағидалары қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан Қазақстанға барлығы 15 мыңнан астам қандас келді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Қазақстандағы көші-қон процестері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру нәтижесінде соңғы 11 жылда алғаш рет көші-қонның оң үрдісі қалыптасқан. Елімізге негізінен ТМД елдерінен Қытай және Моңғолия мемлекеттерінің азаматтары тұрақты тұруға келеді. Оның ішінде еңбекке қабілетті азаматтар саны 7059 адам болды.

Тұрақты тұруға келген 2520 адамның жоғары білімі бар. Ал 1655 адамның орта кәсіптік білімі бар. 2884 адамның орта білімі бар. Сонымен бірге, техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық мамандықтары бар шетел азаматтары көбірек келіп жатыр.

Ішкі көші-қон тұрақталды деуге болады. Жыл басынан бері 160 мыңнан астам тұрғын ел ішінде қоныс аударған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11% төмен. Мысалы 2022 жылдың бірінші тоқсанында 179 мың адам қоныс аударса, биылғы бірінші тоқсанда 160 мың азамат ел ішінде көшкен. Бұл ретте елдегі ірі қалаларға көш басын бұрған адамдар көп, олардың үлес салмағы – 40 пайыз

, - деді А. Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, спикер көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.

Бірінші бағыт – білім иммиграциясы, оның мақсаты – Қазақстанды ғалымдар мен мамандарға тартымды ел ретінде, өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау. Ол үшін заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық университеттерді құру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда қазақстандық жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының 6 филиалы құрылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде биыл шетелдік студенттер үлесі барша студенттердің 4,1 пайызынан 4,4 пайзыына дейін артады

, - деді комитет басшысы.

Екінші бағыт – бизнес-иммиграция аясында елдің инвестициялық тартымдылығын кеңейту бойынша шаралар қабылдануда.

Біз А-5 санатындағы инвесторларды шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алудан босаттық. Жыл басынан бері мұндай инвесторлық визалар 76 шетелдік азаматқа берілді. Әлеуетті инвесторлар үшін «бір өтініш» қағидаты бойынша шетелдік мекемелерде ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі оңайлатылды. Оған қоса, инвестициялық визалық шекті 300 АҚШ долларына дейін төмендету жоспарлануда. Оған қоса, А-6 деп аталатын ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізілуде. Мұндай виза иелеріне еліміздің аумағында тұрақты үшін ықтиярхат алу құқығы беріледі

, - деді А. Ертаев.

Шетелде табысты бизнес-кейстері бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілген. «Ата жолы» картасының басты ерекшелігі – шетелдік қазақтар өзге мемлекеттің азаматы болғанымен, өз азаматтарымызбен бірдей құқықтарға ие болады.

Үшінші бағыт – Қазақстанға білікті шетелдік мамандарды тарту. Биыл 1 шілдеден бастап орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сұранысқа ие кәсіптердің бекітілген тізбесі аясында нақты жұмыс басталды. Енді осы тізімде кәсіптері бар шетелдіктер жеңілдетілген тәртіппен тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере алады.

Рұқсат берудің жаңа қағидалары қабылданды. Оның басты жаңалығы – енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады. Жұмыс беруші корпоративішілік ауыс-түйіс аясында шетелдік жұмыс күшін тартпас бұрын алдымен сол орынға жергілікті маманды іздеуі керек деген талап алынып тасталды. Жоғары білікті шетелдік қызметкерлерің сапасы 81 пайыз деңгейінде өсті. Ұлттық еңбек нарығы қорғалады. Қазір ондағы қазақстандық мамандар үлесі 95 пайыз болып отыр

, - деп түсіндірді комитет басшысы.

Төртінші бағыт – этностық иммиграция шеңберінде «қандас» мәртебесін алуға өтініштерді қабылдау тетігі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап Қазақстанның консулдықтары шетелдегі қазақтардың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады.

Қандастарды қоныстандырудың жаңа алгоритмі қабылданды. Енді қабылдау үшін өңірді айқындау 4 негізгі санат бойынша жүзеге асырылады: жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту; отбасын қауыштыру; Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру; даму әлеуеті бар елді мекендерге қоныстандыру. Жыл басынан бері Қазақстанға барлығы 15 547 мың қандас келді, оның 9,6 мыңы еңбекке қабілетті. Олардың барлығы әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды

, - деді Асқарбек Ертаев.