Қазақстанға саяхатшыларды көбірек тартуда этнотуризмнің мүмкіндігі өте зор – оқытушы Гүлжан Айжолова

АТЫ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегі бойынша, әлемде жыл сайын 1 миллиард адам алыс-жақын шетелдерге түрлі саяхатқа шығады.

Олардың үштен бірі әйгілі Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерге барады. Қазақстан қазір Ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесін 2020 жылға қарай 10 пайызға жеткізуге күш салуда. Алайда бүгінде елімізде туризмнің тау шаңғысы спорты, экотурзизм, шопинг сияқты бірнеше түріне ғана басымдық беріліп отыр. Біз осыған орай мәдени-танымдық туризмнің бір бағыты саналатын этнотуризм саласының мүмкіндіктері туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география факультеті туризм кафедрасының оқытушысы Гүлжан Айжоловамен сұхбаттасқан едік.

- Гүлжан Ролланқызы, туризмнің өзге түрлерінен этнотуризмнің қандай басты ерекшеліктері бар?

- Көпшілік қауым әдетте этникалык туризм және этнографиялык туризм ұғымын жиі шатастырып алады. Сондықтан әңгімемізде бұл ұғымдарға анықтама беруден бастасақ. Жалпы этнографиялык туризм - белгілі бір халықтын өмірімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен және тұрмыстық ерекшелігімен танысу. Ал этникалык туризм ел-жұрттың түпкі мекен еткен орнымен және белгілі бір адамдардың туылған жерімен байланысты тарихи орындармен танысу болып табылады.

Сіз сөз етіп отырған этнотуризм - мәдени-танымдық туризмнің бір бағыты саналады. Әлем тәжірибесі көрсеткендей, туризмнің бұл түрі адамның рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады. Этнотуризмді ұйымдастыру кезінде маңызды мәселе турға қатысушыларды әртүрлі этностардың салт-дәстүрлерімен және мәдениетімен таныстыру болып табылады. Салт-дәстүрлер - адамдар арасындағы қарым-қатынас ұстанымдары, тәртіп нормалары, құндылықтары, елдегі адамдардың өмір салты және ритмі болып табылады. Дәстүрлердің міндеті әлеуметтік өмірдің әртүрлі салаларында біркелкі емес. Салт-дәстүрлер көбінесе дінде көрініс тапқан.

- Тұрмыста да оның көріністері көп қой?

- Әрине. Салт-дәстүрлер - әлеуметтік стереотиптерде көрініс тапқан топтық тәжірибе. Ол ұжымдық құбылыс болып табылады және белгілі бір халықтар мен тайпаларға тән. Олар халық шығармашылығымен, яғни фольклормен тығыз байланысты. Фольклорға негізделген этникалық дәстүрлер ауылдық, қалалық, буржуазиялық, аристократиялық болуы мүмкін. Тайпалар үшін бұл - адамнан бөлек қарастырылмайтын көркем өнердің, мәдениеттің ажырамас бөлігі. Салт-дәстүрлерде жиналғандар - тәжірибе ретінде атадан балаға мұра болып беріліп тұратын тұрақталған ар-ұят, мінез-қылық нормалары, біліктік пен түсініктерді беру болып табылады. Мысалы, ұлттың халықтық дәстүрлі мерекелері: шаруашылық, діни, отбасылық болып бөлінеді.

- Әңгімеміздің ауанын қайтадан этнотуризмге бұрсақ?

- Әлем халықтарының мәдени, тұрмыс ерекшеліктерін зерттейтін этнография ғылымы болып табылады. Этнографиялық турлар барысында туристер аталған ерекшеліктермен, құндылықтармен танысып, зерттей алады. Этнографиялық туризмнің бірнеше бағыттары бар. Соның бірі - белгілі бір халықтардың тұрмысын, мәдениетін сақтаған қазіргі таңда бар қоныстармен танысу. Олар көркемдік түрде көрсетілуге лайықты болғаны жөн. Себебі қоныстар, көшпенділер тұрақтары уақытша да болуы мүмкін. Осындай қоныстар арқылы өтетін туристік маршруттар қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттерінде бар. Мысалы, Мысырда бәдәуи тұрақтарынтамашалау туры бар. Онда туристер бәдәуилердің көшпенді өмір салтымен таныса алады. Сол сияқты Перу мемлекетіндегі туристік сапарлардың басты мақсаты - мемлекеттің тұрғындары үндістердің өмірін көру. Бұл үшін, туристер Амазонка өзеніндегі Сильвада тұратын адамдардың тұрақтарына барады. Бұл жағдайда этнографиялық туризм экологиялық туризммен сабақтас болып келеді. Осыған ұқсас маршруттар Солтүстік Үндістанда, Солтүстік Таиландта, Австралияда және Тынық мұхитының аралдарында кең таралған. Еуропаның кейбір мемлекеттері туристерді тарту мақсатымен халықтың ұлттық киімдерін жиі қолданады. Әлемнің әрқилы аймақтарында туристер ұлттық мерекелер мен фестивальдарға да қатыса алады. Ұлттық қоныстарға бару кезінде, туристер жергілікті халық жасаған қолөнер туындыларын кәдесый ретінде алып, ұлттық тағамдарынан дәм тата алады.

- Этнографиялық туризмнің екінші бағыты туралы да айта кетсеңіз?

- Оған халық тұрмыстық мұражайларына бару кіреді. Онда, әсіресе, ашық аспан астындағы этнографиялық мұражайлар туристер назарын көп аударады. Мұнда шаруашылық құрылыстары, тұрмыс заттары көрсетіліп, ұлттық мерекелер ұйымдастырылады. Адамдар онда өз көзімен белгілі бір дәуірге жататын бұйымдарды көріп, оның ұлттық маңызы, белгісі мен пайда болу тарихы туралы ақпарат ала алады. Мұндай сапардан келген туристер өз әсерлерімен айналасындағы өзге адамдармен бөліседі. Бұл әр этнос өкілдері арасындағы толерантты қарым-қатынастың нығаюына әкеледі.

Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасында жергілікті халықтың экономикалық іс-әрекетінің бір түрі болып табылатын этно-экологиялық туризм арқылы қазақ халқының экономикалық дамуын ынталандыратын жобалар құрастырылуда. Олар жергілікті тұрғындардың күші арқылы этнографиялық туризмнің орнықты дамуына бағытталған. Оның мүмкіндіктері туризмнің өзге салаларынан еш кем емес. Этнотуризмнің бағыттары көп. Көшпенділердің дәстүрі көптеген елдерді қызықтырады. Бірақ біз қазір оны дамыта алмай отырмыз.

- Қазақстанда Ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесін 10 пайызға жеткізу мүмкіндігін қалай бағалар едіңіз?

- 2020 жылға дейін жеткілікті уақыт бар. Егер біз этнографиялық ауылдарды дұрыс ұйымдастыра алсақ, Қазақстанның барлық өңіріне туристерді көп тарта аламыз. Бұл үшін онда жергілікті тұрғындардың көмегімен этнографиялық ауылдарды құрастыру қажет. Бізде оған қажетті барлық негіз бар. Жалпы этнографиялық туризм арқылы халқымызды әлемге таныстырудың мүмкіндігі өте зор. Мысалы 2000 жылдардың басында шыққан Бораттың киносынан кейін шетелдіктердің кейбірі Қазақстанды шынымен де артта қалған ел деп ойлап қалған болатын. Олар шетелде болған кезде - «Біз Қазақстаннанбыз» деген кезде қатты таңырқайды. Егер этнографиялық туризм арқылы біз мәдениетіміз бен ғылымымызды ежелгі замандардан-ақ жоғары дамығанын көрсете алсақ, Қазақстанды әлемге таныту үрдісі жылдамдары күмәнсіз.

- Әңгімеңізге рахмет!