Белгілі экономист Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатындағы маңызды тезистерге тоқтала келіп, активтерді қайтару ісінің барысына тоқталды.
«Өзіңіз білесіз, Президент Қ.Тоқаев еліміздің ішкі-сыртқы саясаты, әлеуметтік-экономикалық ахуалы, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кешенді сұхбат берді. Бұл сұхбаттың ерекшелігі — соңғы бір жылдың ішінде қоғам ішінде жүрген сұрақтарға жауап бергенінде деп ойлаймын. Халықаралық тәжірибеге зейін салсақ, мұндай сұхбаттар мемлекет басшысының халықпен кері байланысының бір формасы есептеледі. Демек, мұны Президенттің халыққа арнаған „кіші жолдауы“ десе де болады. Өйткені қойылған сұрақтар мен жауаптардың ауқымы елдің әлеуметтік-экономикалық аспектілерін түгел қамтыған. Сондай өзекті сұрақтардың бірі — Қаңтар оқиғасы. Президенттің бұл оқиғаға берген бағасы — терең, кешенді, әмбебап және ұлттың көкейінде жүрген сұрақтардың талайына жауап айтылды деп ойлаймын», — дейді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Сарапшы сұхбаттағы қосарланған билік туралы тезистердің орынды екенін айтады.
«Қаңтар оқиғасына дейін елімізді шынымен екі кісі басқарып отырды. Бұл жерде қазақтың „қойшы көп болса, қой арам өледі“ дейтін керемет мақалы еске түседі. Меніңше, сол тұста Қазақстанның конституциялық құрылымында осындай жағдай қалыптасты. Яғни, басшы екеу болды да, мемлекеттік аппарат, элита бағдарынан айырылып қалғандай көрінді. Яғни, екіұдай күйде жүрді», — дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Экономикалық саясат институтының директоры Қаңтар оқиғасынан кейін қолға алынған маңызды шараның бірі — заңсыз активтерді қайтару ісі екенін айтып отыр.
«Бұл — өте күрделі мәселе. Бұл тек қаржылық, экономикалық қауіпсіздіктің ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің факторына айналып бара жатыр. Үкімет жанынан комиссия құрылып, жұмыс істеді, әртүрлі лауазымды кісілер кірді. Бірақ бұдан бетер жақсы жұмыс істеуге мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Соңғы деректер бойынша, 1 трлн теңгеге жуық соманың мүліктері қайтарылды. Валюта бағамымен есептесек, соншалық көп емес — шамамен 2 млрд доллардан астам актив қайтарылған. Макроэкономикада бухгалтерлік есепшот дейтін көрсеткіш бар, төлем теңгерімі дейді. Арнайы бухгалтерлік есепшотпен қараған кезде бізден шетелге шамамен 162-165 млрд АҚШ доллары кетіп қалған. Сондықтан жаңағы 2 млрд доллар деген — өте кішкене сома. Сонымен қатар, заңсыз активтерді қайтару үдерісі шапшаң жүретін шаруа емес. Мысалы, қай мемлекетке, қай офшорға, қай юрисдикцияға активтер жөнелтілгенін анықтап, қайтару — өте күрделі жұмыс. Кей мемлекеттермен Парламент арқылы ратификацияланған келісімдер бар. Екінші деңгей — үкіметаралық келісімшарт. Егер ондай келісім болмаса, активтерді қайтару қиындайды. Менің ойымша, қазір уақыттың бәрі осы шаруаларға кетіп жатқан сияқты. Қай елден табылды, қай офшордан табылды, сол құзыреттермен келісім жүргізіліп жатыр деп ойлаймын», — дейді экономист.