Ұйымдастыру комитетінің мәліметіне қарағанда, бұл жолғы Азия ойындарына құрлықтың 45 елінен 13 000 спортшы мен жаттықтырушы қатыспақ. Азия ойындары барысын бұқаралық ақпарат құралдарының 7000 өкілі қадағалайтын көрінеді.
Осыдан төрт жыл бұрынғы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен ойындармен салыстырғанда жарыс бағдарламасына бұл жолы бірқатар өзгерістер еніпті. Айталық, биылғы бағдарламадан Қытайда өткен ойындарда қазақстандық спортшылар чемпион және жүлдегер болған спорт түрлерінен шахмат, спорттық би сынды түрлері алынып тасталған.
Аталған ойындар бағдарламасына 41 олимпиадалық және 9 олимпиадалық емес спорт түрлері - барлығы 50 спорт түрі енген. Сонымен Инчхонда өтетін XVII жазғы Азия ойындарында жалпы 439 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан спортшыларының алдына жалпыкомандалық есепте 4-ші орынды иелену міндеті қойылып отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін кемінде 20-дан астам алтын медаль жеңіп алулары керек.
Тағы бір атап өтерлігі, XVII жазғы Азия ойындарында Қазақстан командасы 11 спорт түрінен жарысқа қатыспайды. Оның ішінде 7 спорт түрі біздің елде әлі таралмаған спорт түрлері. Олар - софт теннис, кабадди, крикет, сквош, сепактакроу, бейсбол, ВМХ. Осы аталған спорт түрлерінен 25 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Боулинг, бадминтон, суға секіру және футболдан (Қазақстан УЕФА-да өнер көрсетеді) 38 медаль жиынтығы ойналады.
Осы спорт түрлерін есептегенде, сондай-ақ жүзу, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлері бойынша команда құрамдары толық жасақталмаған себепті қазақстандық спортшылар 120 медаль жиынтығы сарапқа салынатын сындарға қатыса алмайды.
Сондықтан ел намысын қорғайтын спортшыларымыға қойылатын талап та ауыр. Жалпыкомандалық есепте 4-орын алу үшін бар өнерін салып, жанталасуы қажет.
Қазіргі бізге келіп жеткен ақпаратқа сүйенсек, сапалы дайындалу мақсатында бүгінгі таңда 94 спортшы және жаттықтырушымен келісімшарт жасалған. Бұлар Лондон Олимпиадасында және соңғы екі жыл бойы жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар.
Естеріңізге сала кетейік, Гуанчжоудағы өткен Азия ойындарында еліміздің намысын 36 спорт түрінен 362 спортшы қорғаған болатын. Онда спортшылар саны жағынан Азия елдері ішінде 9- көрсеткішке қол жеткізген еді. Бұл жолы Инчхонға біздің 420 спортшымыз 39 спорт түрінен ел намысын қорғауға аттанғалы отыр. Олардың 207-сі ер спортшылар болса, 213-і нәзік жандылар.
Биылғы Қазақстан намысын қорғайтын спортшыларымыздың орташа жасы - 24.5. Ең жас спортшы - 15 жасар Ксения Кондратенко (ескек есу слаломы). Ең егде спортшымыз Нұрлан Мақұлбеков (гольф) - 59 жаста.
Биылғы делегацияның құрамында 1998-2010 жылдардағы Азия ойындарының 17 чемпионы бар. Оның 7-уі Гуанчжоудағы чемпиондар: О. Рыпакова (жеңіл атлетика), М. Мұқашева (жеңіл атлетика), Д. Карпов (жеңіл атлетика), Д. Елеусінов (бокс), Д. Асәділов (каратэ), Р. Сағындықов (каратэ), Н.Тынәлиев (грек-рим күресі).
Инчхонда өнер көрсететін спортшылардың саны бойынша өңірлер арасында Алматы көш бастады. Бір ғана Алматы қаласының өзінен 111 спортшы (23 спорт түрі) өнер көрсететін болса, екінші көрсеткіште елордалық спортшылар тұр. Астана қаласынан 63 саңлағымыз 22 спорт түрінен бақ сынайды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан 56 спортшы спорттың 16 түрінен ел намысын қорғауға аттанғалы отыр. Алматы облысынан 38 спортшы 13 спорт түрінен бақ сынайтын болса, Қарағанды облысы 29 спортшысын спорттың 13 түрінен сынға түсуге аттандырмақ. Ал Павлодар облысы спорттың 8 түрінен 20 спортшысына үміт артып отыр.
Төртжылдық доданың салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Туын боксшы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ұстап шығады. Мұндай ел намысы сынға түсетін байрақты бәсекелерде Мемлекеттік Туымызды кез келген спортшыға ұстата салмайтыны белгілі. Демек, Әділбекке артылған міндет те ауыр екені анық.
Алдағы 12 қыркүйек күні сағат 11:00-де Алматы қаласындағы Балуан Шолақ спорт сарайының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді. Осы күні Әділбек Ниязымбетовке қазақстан Туын арнайы тапсыру рәсімі өтпек. Сондай-ақ, Қазақстан спортшыларын XVII жазғы Азия ойындарына шығарып салу салатанаты болмақ.
Шығарып салу рәсімінің бағдарламасында: Қазақстанның ресми делегациясының Ту ұстаушысына Туды тапсыру, спортшының Антын қабылдау рәсімі өтеді деп атап өтілген. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер Қазақстан командасының спортшыларымен фотосуретке түсуге, сұхбаттасу мүмкіндіктері бар деп атап өткен.
Енді жазғы Азия ойындарының тарихына көз жүгіртер болсақ, аталмыш дүбірлі дода 1951 жылдан бері өткізіліп келеді:
1951 жылы, Нью-Дели (Үндістан) - 11 ел қатысты, 6 спорттың түрінен;
1954 жылы, Манила (Филиппин) - 18 ел, 8 спорт түрі;
1958 жылы, Токио (Жапония) - 20 ел, 13 спорт түрі;
1962 жылы, Джакарта (Индонезия) - 17 ел, 13 спорт түрі;
1966 жылы, Бангкок (Таиланд) - 18 ел, 14 спорт түрі;
1970 жылы, Бангкок (Таиланд) - 18 ел, 13 спорт түрі;
1974 жылы, Тегеран (Иран) - 25 ел, 16 спорт түрі;
1978 жылы, Бангкок (Таиланд) - 25 ел, 19 спорт түрі;
1982 жылы, Нью-Дели (Үндістан) - 33 ел, 21 спорт түрі;
1990 жылы, Пекин (Қытай) - 37 ел, 27 спорт түрі;
1994 жылы, Хиросима (Жапония) - 42 ел, 34 спорт түрі;
1996 жылы, Сеул (Корея) - 27 ел, 25 спорт түрі;
1998 жылы, Бангкок (Таиланд) - 41 ел, 36 спорт түрі;
2002 жылы, Бусан (Корея) - 44 ел, 38 спорт түрі;
2006 жылы, Доха (Катар) - 45 ел, 47 спорт түрі;
2010 жылы, Гуанжоу (Қытай) - 45 ел, 57 спорт түрі.
Қазақстан спортшылары жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бастап қатыса бастады. Содан бері бес Жазғы Азия ойындарына қатысып, жалпы командалық есепте үш рет - төртінші орынға, екі рет бесінші орынға ие болды.
Бес жазғы Азия ойындарындағы Қазақстан құрамасының жеңіп алған медальдар саны:
№
Жыл
Қала
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
ЖКЕ орыны
XII
1994
Хиросима (Жапония)
25
26
26
77
IV
XIII
1998
Бангкок (Тайланд)
24
24
30
78
V
XIV
2002
Пусан (Оңт. Корея)
20
26
30
76
IV
XV
2006
Доха (Катар)
23
19
43
85
IV
XVI
2010
Гуанчжоу (Қытай)
18
23
38
79
V
Автор: Күнсұлтан ОТАРБАЙ