Қазақстанның Ауғанстанға қатысты прагматикалық ұстанымы

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың беделді The National Interest сараптамалық журналына Қазақстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымы мен өңірлік саясатына арналған мақала жарияланды. Автор Қазақстанның бұл елмен ресми мойындаусыз прагматикалық байланыс орнату саясатын, гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастық бағытындағы қадамдарын, сондай-ақ оның өңірлік қауіпсіздікке ықпалын талдайды.

Фото: ЖИ

Мақалада Ауғанстанның Еуразияның болашағына ықпал ететіні, бұл болашақ геосаяси бәсекелестікпен айқындала ма, әлде экономикалық ықпалдастыққа негізделе ме деген мәселе көтерілген.

Автордың жазуынша, қазіргі таңда халықаралық тәртіп ыдырау кезеңін бастан өткеріп жатыр, ал оны реттеу үшін құрылған халықаралық институттардың әрекет ету мүмкіндігі барған сайын шектеліп барады. Қазақстан сияқты орта держава үшін бұл тұрақтылықты сыртқы күштердің емес, өңірлік ынтымақтастықтың негізінде қамтамасыз ету қажет дегенді білдіреді. Бұл әсіресе Ауғанстан мәселесінде айқын көрінетіні айтылған. Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте «Ұлы ойын» тұжырымдамасын «Ұлы мүмкіндікке» алмастыратын стратегия қажет екенін атап өткені жазылған.

Фото: Ақорда

— 2021 жылғы тамызда Кабулдағы республикалық билік құлағанына бес жылға жуық уақыт өтсе де, Ауғанстанды оқшаулау саясаты оны жақтаушылар күткендей нәтиже берген жоқ. Керісінше, бұл елдегі гуманитарлық дағдарысты тереңдете түсті. Оның салдары Ауғанстан шекарасынан асып, есірткі айналымының ұлғаюына және Иранға, Орталық Азияға, тіпті Еуропаға дейін жететін көші-қон үдерістеріне әсер етуде. Соңғы онжылдықтардың тәжірибесі көрсеткендей, Ауғанстанда экономикалық, гуманитарлық немесе институционалдық вакуум пайда болса, оны міндетті түрде деструктивті күштер толтырады, — делінген мақалада.

Қазақстанның Ауғанстанға қатысты прагматикалық өзара іс-қимыл стратегиясы

Мақалада Қазақстан бұл жағдайға жекелеген қадамдармен емес, жүйелі стратегия арқылы жауап беруді таңдағаны айтылған. Бұл тәсілді ресми мойындаусыз жүргізілетін прагматикалық өзара іс-қимыл деп атайтыны жазылған.

Фото: Pexels

— 2023 жылғы желтоқсанда Астана «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен алып тастады және Ауғанстан елшілігінің Қазақстан астанасында жұмысын жалғастыруына мүмкіндік берді. Ал 2025 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілін тағайындап, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты институционалдық деңгейде нығайтты, — деп жазған автор.

Мақала авторының пайымынша, бұл саясаттың негізгі мақсаты айқын: тұрақты әрі экономикалық тұрғыдан өміршең Ауғанстан — бүкіл өңірдің қауіпсіздігінің маңызды кепілі.

— Оған қол жеткізудің ең сенімді жолы — Ауғанстанның сыртқы көмекке тәуелді елден өндіріс пен өңірлік транзиттің маңызды орталығына айналуына қолдау көрсету. Қазақстанның 2026 жылғы маусымда Кабулға барған жоғары деңгейдегі делегациясы осы стратегияның іс жүзінде қаншалықты ілгерілегенін көрсетті, — делінген мақалада.

Фото: Үкімет

Маусым айындағы сапар дипломатиялық байланыстардан нақты экономикалық ынтымақтастыққа көшудің басталғанын аңғартқаны сөз болған. Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастап барғаны, сапар аясында соңғы төрт жыл ішінде екі ел үкіметтері арасында премьер-министр деңгейінде алғаш рет келіссөздер өткені айтылған.

Автордың жазуынша, Серік Жұманғарин Кабулдағы Гүлхана сарайында Ауғанстанның премьер-министрі Мұхаммед Хасан Ахундпен, сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары Абдул Ғани Барадармен, ішкі істер министрі Сираджуддин Хакканимен және Герат пен Құндыз провинцияларының губернаторларымен кездескен.

— Кездесу барысында Мұхаммед Хасан Ахунд Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ауғанстан халқына тұрақты қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан Президентін Ауғанстанға ресми сапармен келуге шақырды, — деп жазылған.

Фото: Үкімет

Мақала авторы Қазақстан делегациясы Ауғанстанға жалпы көлемі 318,8 тонна гуманитарлық көмек жеткізгенін тілге тиек еткен. Сондай-ақ бір апта бойы медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобы жіберілген. Тараптар бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасын құруға келісті және есірткі айналымы мен экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылаған. Дегенмен келіссөздердің негізгі өзегі экономикалық ынтымақтастыққа арналғаны сөз болып отыр.