Қазақстанның 16 жасар спортшысы Зүлфия Чиншанло Әлем чемпионы атанды

АСТАНА. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Кеше, қарашаның 22-сі күні Қазақстан спорты айрықша жетістігімен әлемді таңғалдырды. Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан Әлем біріншілігінде Қазақстанның 16 жасар спортшысы Зүлфия Чиншанло Әлем чемпионы атанды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зүлфия Чиншанло екі-үш жыл бұрын Қытай елінен көшіп келген дүнген қызы. Осы жылы мамыр айында Таиландта өткен жасөспірімдер арасындағы додада 58 келі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Осы жолы Зүлфия әйелдер арасындағы жарысқа түсіп, 53 келі салмақ бойынша Әлем жеңімпазы атанды. Ол жұлқа көтеруден 90 келі салмақты бағындырып, бірінші жаттығудан кейін 5-ші орында тұрды. Жұлқа көтеруде 95 келіні көтерген қытайлық Чень Сяотинь көш бастап тұрған болатын. Алайда, ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Нидің шебер тәсіл қолдана білуінің арқасында, қазақстандық спортшы әуелі серпе көтеруде 120 келіні, екінші рет шыққан кезде 125 келіні бағындырды. Ал алтыннан бірден бір үміткер қытайлық спортшы Чень Сяотинь серпе көтеруде 123 келіні қанағат тұтты. Ең соңғы мүмкіндігінде қазақстандық З. Чиншанло 129 келіні көтеріп, Әлем рекордын қайталады және бас жүлдені жеңіп алды.

  Әлем біріншілігі жалғасуда.