«Климаттың өзгеру мәселелері көптеген мемлекеттердің ұлттық күн тәртібінде. Жаңартылған энергия көздерін дамыту әлемдік трендке айналды. Қазақстан Париж келісімін ратификациялап, 1990 жылға қарағанда 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға қысқартуға өз еркімен үлес қосып отыр. 2014 жылдан бастап келісімнің міндеттемелері бойынша еліміздегі шығарындыларының көлемі өсуде. Міндеттемелерді орындау құралдарының бірі көмірді пайдаланудан бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне көшіп, ластаушы заттардың шығарылуын және өндіріс қалдықтарының пайда болуын төмендетуге бағыттау болып табылады», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жоспарларын, сондай-ақ жасыл экономиканы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да шараларды іске асыру және Париж келісімінің міндеттемелерін орындау үшін елдің төмен көміртектендірілуі бойынша ұзақ мерзімді көрсеткішін анықтау қажет.
«Бұл үшін біз Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуді бастаймыз. Стратегияда экономика мен энергетиканың әртүрлі даму сценарийлері кезінде көмір мен газды пайдалануды қысқарту немесе алмастыру сияқты мүмкіндіктері көзделетін болады. Бұл жұмысқа Германия Үкіметінен 4,5 млн еуро гранттық жобасы аясында Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі герман қоғамының сарапшылары тартылды. Экономиканың барлық салалары бойынша талдау жүргізілетін болады. Бұл жұмысты 2020 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр», деді М.Мырзағалиев.