Қазақстанның батыс аймағының жастары «Жастардың кадрлық резерві» бойынша өз жобаларын ұсынды

ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елімізде жаңаша ойлайтын жас басшыларды қалыптастыру бағытында «Жастардың кадрлық резерві» жобасы қолға алынған болатын. Қазіргі кезде жобаның екінші және үшінші кезеңі өткізілуде. Жобаға қатысуға 700 жас ниет білдірсе, соның 100-і осы кезеңдерден өтті. Қазақстанның батыс аймағынан келген 19 жас «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен Оралда бас қосып, өз жобаларын ұсынды.

«Жастардың кадрлық резерві» жобасының бас менеджері Әлия Хайруллинаның айтуынша, көшбасшы болуға ұмтылған жастар әлі де іріктеуден өтеді. Олар адамдармен тіл табыса біліп, мемлекеттік басқару, бизнес, қоғамдық қызмет және басқа салаларда өз іскерлік қабілеттерін көрсете білуі тиіс.

Өткен жылы осы жоба негізінде іріктеліп шыққан 32 жас қазіргі уақытта ұлттық компаниялар, мемлекеттік және жеке кәсіпорындарда табысты еңбек етуде.