15:27, 17 Сәуір 2009
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Еуропалық инвестициялық банктің өкілдерімен кездесті
БРЮССЕЛЬ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Кеше Брюссельде Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев Еуропалық инвестициялық банктің өкілдерімен кездесу өткізді, оның барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақтың ірі қаржылық институтымен ұзақмерзімді және жемісті ынтымақтастықты жолға қою мүмкіндіктерін талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Еуропалық инвестициялық банк ? Еуроодақтың жаһандық мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесетін жобаларды қаржыландыру үшін 1958 жылы құрылған Еуропалық одақтың үкіметаралық қаржы-несие мекемесі. Бүгінде оның жарғылық капиталы 164,8 млрд. еуроны құрайды. 2008 жылғы қарашада Еуропалық Одақ банктің сыртқы мандатын Орталық Азияның бес еліне, соның ішінде Қазақстанға тарату туралы шешім қабылдады.
Елші Е.Өтембаев Қазақстанның ірі энергетикалық, көліктік, технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру үшін Еуропалық инвестициялық банкпен өзара тығыз байланыс жасауға мүдделі екендігін білдірді. Өз кезегінде банк өкілдері Қазақстанның мемлекеттік және жеке жобаларын орнықты инвестициялауға өз үлесін қосуға ниетті екенін атап көрсетті. Олардың айтуынша, Еуропалық инвестициялық банк жыл сайын 50 млрд. еуроның жобаларын қаржыландырады. Тараптар жуық арада Қазақстан Республикасы мен Еуропалық инвестициялық банк арасында банктің Қазақстандағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді қол қою ниетін білдірді. Кездесу соңында Е.Өтембаев сұхбаттасушыларын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жасалған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру басталғаны туралы хабардар етті және оның басты міндеттерін айтып берді. Қазақстанның Еуроодақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 2002 жылмен салыстырғанда 9 есе артып, 2008 жылы 39 млрд. АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар Еуроодақ Қазақстанның ірі инвестициялық әріптесі болып отыр. Кездесуге қатысқан қонақтарға қазақстандық дипломатиялық өкілдік басып шығарған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының ағылшын, француз, нидерланды тілдеріндегі кітапшасы тапсырылды.