Қазақстанның бір азаматы Үрімшіде жарақаттанды және ауруханада жатыр - ҚР СІМ

Фото: None
АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат - 2009 жылғы шілденің 6-сы мен 8-і аралығында Шыңжаңнан 1200-ден астам адам елге оралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың ішінде тек өткен тәулік ішінде 744 ҚР  азаматы, соның ішінде мына бақылау-өткізу бекеттері арқылы: Қорғас - 378, Майқапшағай - 64, Бақты - 82, Дружба - 43, Алматы қаласының әуежайы - 112, Астана қаласының әуежайы арқылы - 65 адам келді.

Бүгін «Үрімші-Астана» бағыты бойынша теміржол көлігімен 260 адамның, әуе көлігімен - 130, жерүсті көлігімен 120 ҚР азаматтарының жолға шығуы жоспарланған.

Осыған байланысты қытайлық тараппен дипломатиялық арналар және ҚР Шекара қызметімен уағдаластық бойынша «Қорғас» бақылау-өткізу бекетін тәуліктік жұмыс тәртібіне көшіру туралы мәселе қаралуда, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, қолда бар ақпараттар бойынша ҚР жекелеген азаматтары коммерциялық қызметтеріне байланысты ШҰАӨ-де өздерінің болуларын жалғастырмақ ниетте. ҚР азаматтарының оралуы бойынша іс-шаралар және ШҰАӨ-де болу кезіндегі олардың қауіпсіздігі ҚР Сыртқы істер министрлігінің айрықша бақылауына алынып отыр.

Бүгін нақтыланған деректер бойынша қазақстандық бір азаматтың жарақат алғаны белгілі болды және ауруханада жатыр. Оның жай-күйі - бірқалыпты ауыр.