Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасы ең оңтайлы бағдарлама ? сарапшылар

МӘСКЕУ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков / - Дүйсенбі күні Мәскеуде «Интерфакс» баспасөз орталығында «PostКСРО: Ресей, Қазақстан және Украина үкіметтерінің дағдарысқа қарсы іс-әрекеттерін бағалау» деген тақырыптағы халықаралық зерттеудің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл әлеуметтік зерттеуді ресейлік «Постдағдарысты әлем институты» өткізді. Сауалнамаға сарапшылар, экономистер мен қаржы талдамашылары, бизнесмендер, экономикалық және саяси тақырыптарда жазатын журналистер, бұрынғы КСРО аумағында, Шығыс және Батыс Еуропада, АҚШ пен Австралияда тұратын саясаткерлер мен шенеуніктер қатысты. Жүргізілген зерттеу қорытындысы посткеңестік елдерде қабылданып отырған дағдарысқа қарсы шаралардың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Зерттеулердің қорытындылары бойынша дағдарысқа реакцияның үш түрлі моделі мен келешектегі дамуының үш сценарийі анықталды. Кәсіпорындарды қорғайтын «Бизнес солидарность» ұйымының төрайымы Яна Яковлеваның айтуынша, бұл сценарийлерді субаймақтық әсер етуші негізгі орталықтар ретінде Ресей, Қазақстан және Украина таныстырып отыр. Я.Яковлеваның пікірінше, бірінші ? «консервативтік» сценарий бойынша ? 2008 жылдың қыркүйек айынан бері Ресей жұмыс істеп келеді. Бұл сценарий бойынша, мемлекеттің «статус-кво» мәртебесін сақтап қалуға, басқару реформасын жүргізусіз дағдарысқа дейінгі режімдегі жұмысын жалғастырып жатқан жүйедегі дағдарыс салдарларының өтемін қайтаруға бағытталып отыр. Үкімет дағдарысты еңсеру жөніндегі радикалды және түбегейлі қадамдарға барған жоқ, бұл «саяси ахуалды қатырып тастау» болып табылады. Екінші ? «конфронтациялық» сценарий бойынша ? Украина жүріп келеді. Ол елде элиталардың жікке бөліну, ашық саяси күресу үрдісі байқалып отыр, осының барлығы дағдарыс жағдайында экономикалық проблемаларды шешудің жоспарын екінші қатарға ысыруда. Зерттеу нәтижесі бойынша, ең сәтті, үшінші сценарий - Қазақстан ұстанып отырған инновациялық жол сценарийі болып отыр. Я.Яковлеваның пікірінше, Қазақстанда дағдарысты еңсеру жөнінде пәрменді және оңтайлы шешімдер қабылдануда. «Қазақстан әлемдік дағдарыстың соққысын 2007 жылдың күзінде бірінші болып сезінді, осы мәселе дағдарысқа қарсы шараның аталған сценарийін таңдауға негіз болып отыр. Қазақстан - экономиканы қолдау үшін өзінің мұнай қорын ашып отырған Достастықтағы алғашқы ел, ол сондай-ақ шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізіп, мұнайдың нақты бағасына байланысты бюджетті оңтайландыруды қолға алынуда. Осынау шаралардың барлығы республикаға экономиканың және мемлекеттік басқару жүйесінің жедел жаңару арнасына бет бұруға мүмкіндік берді. Елдің 2009 жылғы экономикалық дамуының негізгі басымдығы - халықты жұмыспен қамту болып отыр», - дейді ресейлік сарапшы. Аталмыш зерттеу мәліметтерінің аясында Қазақстанда, Ресей мен Украинада үкіметтің дағдарысты еңсеру жөніндегі іс-қимылдары туралы қоғамдық пікірлерге сауалнама жүргізілді. Ресейде халықтың 40,7 пайызы үкіметтің іс-қимылын мақұлдап отырса, Қазақстанда бұл көрсеткіш ? 66,3 пайызды құрап отыр, бұл халықтың өз үкіметін сөзсіз қолдап отырғанының айғағы. Ал Украинада халықтың тек 13,5 пайызы ғана үкіметті қолдаса, 73,3 пайызы керісінше наразылық білдіріп отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдай экономикалық дағдарыстың әлеуметтік және саяси дағдарысқа ұласуына апарып тіреуі мүмкін, ал бұл жағдай бұрынғы КСРО басқа да елдеріне сөзсіз әсерін тигізері анық.«Бизнес солидарность» ұйымы төрайымының пікірінше, бизнес-құрылым - дағдарысты еңсерудің бірден-бір күші бола алады. Бірақ ол үшін үкімет пен бизнестің өзара іс-қимылдарының тетіктері жолға қойылуы тиіс.