Қазақстанның демократия саласындағы қадамдары ЕҚЫҰ шеңберіндегі алдыға қойған міндеттеріне үйлесе түсетін болады - Қ. Саудабаев

А. Қаңтардың 20- ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның демократия саласындағы ендігі қадамдары ЕҚЫҰ шеңберіндегі алдыға қойған міндеттеріне үйлесе түсетін болады.

Бүгін елордада ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев елімізде тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесуі барысында осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрінің айтуынша, ағымдағы жылы ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттердің 15-інде президенттік және парламенттік сайлаулар өтеді. Бұндай үлкен науқанның бірі Украинада басталып та кеткен.

«Біз БДИПЧ пен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясын өз жұмыстарын сайлауды бақылау үдерісі барысындағы әділділік пен сындарлылықтың қамтамасыз етілуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға және осы бағытта қызметтерді үйлестіруге шақырамыз. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ қызметіндегі адами өлшемдердің маңыздылығын ескере отырып, біз осы үдерісті нақты ұстанғанымызды ең алдымен өз елімізде көрсетеміз. Қазақстанның демократия саласындағы бұдан кейінгі қадамдары өз төрағалығымыздың шеңберіндегі алдымызға қойған мақсаттарымыз бен міндеттерімізге үйлесе түсетін болады», деді Қ. Саудабаев.