«Ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстанның көп жылдар бойы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ-ред.) кіру туралы жүргізген келіссөздері аяқталған болатын. Ал 27 шілдеде ДСҰ-ға кіру туралы хаттамаға Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Женева қаласында қол қойды. Қазақстанның ДСҰ-ға кіру бойынша келіссөздері негізгі төрт бағытта жүзеге асты», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова.
Оның айтуынша, бірінші бағыт - көпжақты ауыл шаруашылық саласына мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көлемі туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ-ның 55 мүше-мемлекеттерімен арада жүргізілген. Екінші бағыт - көпжақты Қазақстанның сауда-экономикалық саясатының ДСҰ шарттарына сәйкестігін анықтайтын келіссөздер. Үшінші бағыт - Қазақстанның қызмет нарығында шетел компанияларының жұмыс жасау шарттары туралы келіссөздер. Бұл ДСҰ шеңберіндегі 15 мемлекетпен жүргізілген. Төртінші бағыт - Қазақстанның тауарлар нарығына импортталатын кедендік баждардың ең жоғары мөлшері туралы келіссөз, бұл ДСҰ-ның мүшесі болып табылатын 30 мемлекетпен жүргізілген.
Айта кетерлігі, осы хаттама күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға мүше болады.