Кеңес барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының маңызын атап өтті.
«Мен ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызды стратегиялық ұлттық жобалар қатарына жатқызамын. Бұл - еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы өте маңызды жетістігі және еліміздің арта түсіп отырған беделін көрсететіні сөзсіз. Сірә, біздің төрағалығымыз ерекше жағдайда өткелі отыр. Бұл - жалғасып отырған әлемдік экономикалық дағдарыс, халықаралық жағдайдағы шиеленістің күшеюі, энергетикалық және азық-түлік дағдарысы қаупі, жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау және әлемдік қоғамдастықтағы өзара қатынастардың болашақ сәулетінің көптеген мәселелері бойынша белгісіздік. Соның ішінде ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағында да. Сондықтан да біз өзімізге жүктелген құрметті миссияны орындауды аса зор жауапкершілікпен ұйымдастыруға міндеттіміз», - деп қорытты сөзін Мемлекет басшысы.