Қазақстанның ғарыш саласы ақиқатқа айналуда ? Ғ.Мырзақұлов

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Осыдан төрт жыл бұрын, 2005 жылы наурыздың 17-сінде Қазақстан Үкіметінің қаулысымен мемлекеттің 100 пайыздық қатысуымен «Қазғарыш» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылды.

2007 жылдың тамыз айында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің шешімімен компанияның атауы «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып өзгертілді. «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының президенті Ғабдуллатиф Мырзақұлов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында компанияның ғарыштық жобалары мен жер бетіндегі жұмыстары туралы әңгімелеп берді. - Ғабдуллатиф Тұрғанбайұлы, «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясына басшылыққа тағайындалған алғашқы 100 күніңіз туралы әңгімелеп берсеңіз? - Мойындау керек, оңай болған жоқ. Бұл тағайындау мен үшін Ұлттық ғарыш агенттігі басшылығы тарапынан көрсетілген сеніммен ғана емес, сонымен бірге ең алдымен компанияның нәтижелі жұмысын көрсету жауапкершілігімен де мазмұндалып отыр. Біз үшін басты міндет - Қазақстанның ғарыш саласын құру жөніндегі «Қазғарыштың» алдына қойылып отырған міндеттерді жүзеге асыру және негізгі кәсіпорын ретінде негізгі жауапкершіліктің жүктелетінін біз жақсы түсініп отырмыз. Өткен жылдың аяғында Үкіметтің қаулысымен (№1346) «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының 2009-2011 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Ол құжатқа сәйкес, біздің компаниямыз 2009 жылы төрт ғарыштық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда олар - Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін жасау, ғарыш техникалары арнаулы конструкторлық бюросының құрастырушы-сынақ кешенін құру, Қазақстан Республикасының жоғары нүктелі навигациясы жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын жасау, Астанада ғарыш орталығын құру жобалары. Яғни, құрылғанына 4 жыл болған компаниямыз өзінің жұмыс бағытын анықтап, даму жолын таңдап отыр. - Осы уақытта қандай жұмыстар атқарылды?- Күнтізбелік жоспарларға сәйкес, барлық төрт жоба бойынша да ілгерілеушілік бар. Мысалы, Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін жасау және Астанада ғарыш орталығын құру жобалары бойынша ғарыш саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі стратегиялық серіктес ретінде анықталып отыр. Француздың EADS Astrium компаниясындағы әріптестерімізбен бірлесіп, Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі бойынша келісімшарт жасау жұмысын аяқтап келеміз. Жылдың басынан бері Астанада EADS Astrium компаниясының өкілдерімен екі кездесу, бірнеше рет «Астана-Париж» аудио-конференциясы өткізілді. Қазақстандық мамандардың алғашқы десанты француздық компанияның ғарыш инфрақұрылымы нысандары орналасқан Тулуза қаласына барып қайтты. Тулузаға жасалған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы мен EADS Astrium компаниясының вице-президенттері Марат Нұрғожин мен Ги Лимузиннің деңгейінде конфеденциалдық туралы келісім парафирленді, құрастыру-сынақ кешені мен Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру жобалары бойынша атқаралатын жұмыстардың алдын-ала кестесі бекітілді, мамандарды оқыту және дайындау мәселелері талқыланды. Қазақстандық және француз мамандарының келесі кездесуі наурыз айының соңында Астанада өтеді.Ал ғарыш техникалары арнаулы конструкторлық бюросының құрастырушы-сынақ кешеніне келетін болсақ, бұл жерде бірлескен кәсіпорын құру және бірлескен кәсіпорынның бизнес-жоспарын жасау үшін құрылтайшы құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Астана әкімдігі кешен құрылысы үшін 30 гектар жер телімін бөліп отыр, ол жерде инженерлік-геодезиялық зерттеу жұмыстары аяқталды. Қазір біздің мамандар құрылыс бойынша бас жобалаушыны таңдаумен айналысуда.Қазақстан Республикасының жоғары нүктелі навигациясы жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын жасау бойынша байқау өткізіліп, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша сараптамалық қорытынды алынды. Компания мамандары осынау жоба бойынша әлеуетті жеткізілімшілермен жасалатын келісімшарттың жобасын әзірлеп отыр. - Астанада құрылғалы отырған Ұлттық ғарыш орталығы туралы толығырақ айтып берсеңіз? - Ұлттық ғарыш орталығын құру идеясының маңызы сол, Қазақстан заманауи ғарыш саласы бойынша идеялар шоғырландырылатын және ғарыш қызметтерін үйлестіретін бас орталыққа ие болуы керек. Бұл тек Қазақстанның ішкі нарығының қажеттіліктерін ғарыштық қызметтермен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге жобалау, біздің республикамызға ғарыштық технологияларды трансферттеу негізінде ғарыш аппаратын құрастыру және сынау, отандық кадрларды дайындау және қайта дайындау жүйесін қалыптастыру, ғарыш саласының лайықты әлеуметтік инфрақұрылымын жасау болып табылады. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген және халықаралық ынтымақтастықтың көпжылдық тәжірибесімен қамтамасыз етілген жобаларды жүзеге асыра отырып, Қазақстан өз ғарыш саласын құрудың жаңа сатысына көтеріліп отырғаны анық. - Жақында Байқоңырда «Қазғарыш» нысандары пайдалануға беріледі дейді, осы мәселе туралы айта кетсеңіз? - Шын мәнінде наурыздың 20-сында төраға Талғат Мұсабаев бастаған Ұлттық ғарыш агенттігінің делегациясы Байқоңырға аттанады. Байқоңыр тарихында қаланың инфрақұрылымы алғаш рет қазақстандық әлеуметтік нысандармен толығады. Қайта жөндеуден өткізілген тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қызметкерлерімізді әлеуметтік қорғаудың бұл шарасы «2008-2009 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағының инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасын орындау аясындағы мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр. Оған қоса, Байқоңыр ғарыш кешенінде орналасқан Қазақстанның ғарыш саласының кәсіпорындары мен ұйымдары Наурыз мейрамы қарсаңында жаңа ғимаратқа қоныс аударады, бұл нысанды жұртшылық «Қазғарыштың» айлақтағы бас кеңсесі деп атап отыр. - Ғабдуллатиф Тұрғанбайұлы, ұлттық компания басшылығына тағайындалғанға дейін, Сіз «Қазсат-1» жерсерігі жобасымен айналыстыңыз, Ғарыш байланысы республикалық орталығының бес жыл вице-президенті болдыңыз. Қазақстандық байланыс жерсерігінің тағдыры туралы пікіріңізді айтып өтсеңіз? - Ең алдымен, оның Қазақстанның ғылыми қамтымды ғарыштық технологиялардағы алғашқы әрі нағыз серпімді жобасы болғанын айта кету керек. Жерсеріктегі штаттан тыс оқиғаға дейін (2008 жылы маусымның 8-індегі) ол 2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамытудың алғашқы бағдарламасының іске қосылған жобасы болатын. Әрине жерсерікке қатысты жағдай бізге сабақ болды, бірақ келешектен үміт жоқ емес. «Қазсат-1» жерсерігіне байланысты Қазақстанның шығыны туралы мәселе қазір қайта-қайта сөз болып отыр. Өздеріңіз есептеп көріңіздер, жерсерікті жасауға кеткен шығын 65 миллион АҚШ долларын құрады. Оның 10 миллионға жуығы Ақкөлдегі жерден басқару кешенінің технологиялық жабдықтарына жұмсалды. Ғарыш аппараты жұмыс істеген 1,5 жылдың ішінде біз 43 маманды дайындадық, жерсеріктерді басқару жөніндегі қолданыстағы кешеннің шетелдік әдістемелеріне сәйкес, бұл іс 43 миллион доллардай салымды құрайды. Оған қоса осы кезеңде біз 20 миллион доллардың телекоммуникациялық қызметін көрсеттік. Нәтижесінде жалпы сома 73 миллион долларды құрап отыр. Егер біздің жоғалған жерсеріктің сақтандырылғандығын ескерсек, Қазақстанның шығын көрмегенін айтуымыз керек. Ал «Қазсат-1» жерсерігін пайдалану кезінде алынған мол тәжірибе екінші байланыс жерсерігін жасауда, сөзсіз, пайдалы болады. - Қазақстанның ғарыштық державалардың қатарына кіретініне сенесіз бе? - Сөзсіз сенемін. Бұл сенім осыдан екі жыл бұрын Талғат Мұсабаев басшылық ететін Ұлттық ғарыш агенттігі құрылғаннан кейін пайда болғанын айта кету керек. Себебі барлық мәселені кадрлар шешеді. Ал ұжымды кәсіби, білікті, әділ азамат басқарса, істің оңға басқаны. Мұсабаев Қазақстанның ғарыш қызметі саласына келгеннен кейін, бізде жүйелі және нақты жұмыс басталды. Алдағы жылдары біз өзіміздің жерсеріктер жүйесіне ие боламыз, Ақкөлдегі жер бетіндегі ғарыштық инфрақұрылымға иелік етіп отырмыз, Байқоңырда «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенінің құрылысына кірістік. Міне, осы айтылған мәселелердің барлығы жинала келе, еліміздің ғарыш саласының келешегін мазмұндайды.