Қазақстанның Индустрияландыру картасындағы жобалар саны 705-ке жетті

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру экономиканың барлық басым салаларының өсімін ынталандыруға бағытталған.

Ағымдағы жылы Қазақстанның Индустрияландыру картасындағы жобалар саны 705-ке жетті, деп хабарлады pm.kz сайты.

«Индустриялық-инновациялық даму аясындағы жобалардың әлеуметтік маңызы өте зор. Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты амалы болып қалады», - деді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында.

Естеріңізге сала кетейік, Индустрияландыру картасы елдегі  инновациялық белсенділік есебінің жүйесі болып табылады. Карта жобаларының тізіміне жоғары деңгейде пысықталған және Индустрияландыру бағдарламасының талаптарына сай келетін Қазақстан экономикасы үшін маңызы бар жобалар енгізілген.

Бұрын 609 жобадан тұрған Картадағы жобалар саны құны 11 трлн. теңге болатын 705 жобаға жетті. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметіне сүйенсек,  осы нысандардың құрылысы кезінде 218 мың жұмыс орны, ал пайдалануға берілгеннен соң 191 мың жұмыс орны ашылмақ.

Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2011 жылы және 2012 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілген жобалар арқылы  680 млрд. теңгенің  өнімі шығарылған. Соның ішінде шығарылған тауарлар мен көрсетілген қызметтердің үлесі 7,3 пайызды құрайды.

Баса айта кететін мәселе, Индустрияландыру картасы аясында бұрын елімізде өндірілмейтін  106 өнім түрі игерілді, оның ішінде, газ айдау агрегаттарына арналған турбиналық және компрессорлық қалақшалар, металл пластикалық құбырлар, ұшақтарға арналған синтетикалық жуу құралдары, минералдар қосылған мал азықтары және басқа да өнім түрлері бар.

Жалпы айтсақ, нақты өнім беретін, жоғары өндірісті жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін, инновациялық және энергия үнемдейтін жобалар басым бағытқа ие болады. Мысалы, Картадағы барлық жобалардың 70 пайызы жоғары сапалы, жаңа технологиялар арқылы салынған нысандар болып табылады. Ал 30 пайызы технологиялық жасалау жолы аса қиын емес жобалар қатарында. Негізінен, ол жобалар агроөнеркәсіптік кешен (мал бордақылау алаңдары, көкөніс қоймалары, репродукторлар) саласында көп кездесетін жобалар.

Карта алдағы уақытта да Қазақстан экономикасының басым салаларында аймақтық кәсіпкерліктің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет ететін болады.