Бүгін Астанада осы мәселеге қатысты дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, халықаралық еңбек ұйымының, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ экономистер мен ғалымдар қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар заман ағымына сай лайықты тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету үшін ең төменгі тұтыну себетіннің құрылымын қайта қарап, оны толықтыру мәселелерін алға тартты.
Олардың пікірінше, бүгінгі таңда базалы әлеуметтік төлемдер мөлшерін, соның ішінде төменгі айлық еңбекақыны есептеу үшін республикада заңнамамен белгіленген төменгі күнкөріс деңгейі өмір шындығымен жанаспайды. Тәуелсіз сарапшылар мен кәсіподақтардың есептеуі бойынша әлеуметтік бұл көрсеткіш инфляцияны ескергенде кемінде екі есеге жоғары болуы тиіс. Яғни шараға қатысушылар ең төменгі күнкөріс деңгейін қазіргі 14 мың 952 теңгеден 30 мың теңгеге дейін арттыруды ұсынды.
Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпова, қазіргі уақытта күнкөрістің ең төменгі шегінің деңгейі мен оның құрылымы қолайлы және бюджеттің мүмкіндіктерімен өлшемдес екендігін айтты.
«Әрине, алдағы уақытта оның құрылымын жетілдіру көзделіп отыр. Тұтынудың құрылымында басымдықты тек азық-түлік өнімдеріне ғана бермей, азық-түлік емес тауарларды да ескеруді жөн көріп отырмыз. Қазір бұл бағытта Халықаралық еңбек ұйымымен және Дүниежүзілік банкпен жұмыстар жүргізілуде», - деді ол.
Вице-министр мәлім еткендей, 2011 жылы мемлекет әлеуметтік жәрдемдер мен әлеуметтік қамтамасыз етулерге 1 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланып отыр. Мұндай көрсеткіш Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Мемлекеттің бұған дейінгі шығыны жыл сайын 840 млрд. теңгені құрап келді.