Оның айтуынша, осының бәрі «Туған жер» бағдарламасынан туындайды. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», деген дана халқымыз өз елі мен жерін қадірлей білген. Қазіргі уақытта жеткіншек ұрпақ әлем елдері мен олардың астаналарын, жер-су атауларын жақсы біледі, шет елдерге сапарлап барып келіп жатқандары да бар. Ал кейбіреулері өз туған жерінің тарихын, топонимикасын, табиғаты мен киелі орындарын біле бермеуі мүмкін. Мұндай мәліметтер айтылмай, өскелең жас өз өлкесімен жете таныспағаннан кейін оның ой-өресі шектеліп қалады, тіпті басқа бір әлемде жүруі ықтимал. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы зор. Қазақстандық патриотизмді өз халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, туған жердің тарихын танып, білу арқылы жасөспірімдердің бойына сіңіруге болады.
«Қазақстанның қай өңірінде болмасын, киелі орындар мен қасиетті рухани құндылықтар осы кезге дейін сақталған. Соның бірі - кезінде кішігірім мемлекет іспеттес болған Бөкей хандығы. Күні бүгін Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені мен «Бөкей ордасы» геоботаникалық қорықшасы бар. Аталмыш кешенге қарасты тарихи ғимараттар мен орындар қалпына келтіріліп, оларды тамашалауға жылына 15 мыңнан астам адам келуде. Биыл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне осы кешен туристік бағыт ретінде енгізіліп отыр. Бөкей ордасы - біздің ұлттық кодымыздың осы күнге дейін сақталғанының айқын көрінісі. Бұл ретте Хан ордасы ауылында әлі де қалпына келтіруді қажет ететін тарихи үйлер бар екендігін айта кеткіміз келеді. Сонымен қатар бабалар егіп өсірген орманның қатары селдіремей, қайта көбейе түссе, қандай керемет болар еді. Кезінде Бөкей сұлтан бастап, Еділ мен Жайық аралығына көшіп, осы жерді қазақ үшін сақтап қалса, оны баянды ету - кейінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Елбасымыз айтқандай, «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Ендеше, еліміздің жарқын келешегі үшін өткенімізді ұмытпай, бүгінімізді биіктетіп, ертеңімізді асқақтата білуіміз қажет», деп түйіндеді ойын Айболат Құрымбаев.